Мердігер тұрғын үйді аяқтап тапсырамын дегеніне 3 жыл болған
Ақтөбеде үлескерлер тағы шу шығарды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Тұрғын үй алуға ақша салғандар құр алақан қаламыз ба деп қорқып отыр. Жауапсыз мердігердің баспананы аяқтап тапсырамын дегеніне 3 жылдың жүзі болған. Алайда құрылыс тоқтап тұр. Тіпті компания басшысы алаяқ болуы мүмкін деген күдікке ілініпті. Жергілікті билік «сақалды» құрылысты жүргізетін инвесторды тапқанымен, тағы да басқа кедергілер туындап тұрған көрінеді.
Өз пәтерлеріне кіре алмай отырған 200-ге жуық отбасы құр уәдеден шаршаған. Кезінде қолжетімді бағамен қызықтырған тұрғын үй кешені бүгінде қол жетпес арманға айналды дейді олар. Келісім-шартта көрсетілген шаршы метрлер ай сайын ұлғайып, қосымша төлемдері қайта-қайта өзгереді екен. Талай сылтау айтып, сан соқтырып келеді дейді.
«Былтыр қыркүйек айынан бастап мен инвестормын деп келіп, халықты алдады. Ол келісім шарт бойынша инвестор емес, тек құрылыс материалдарын ғана салатын адам екен», – дейді үлескер Қамарсұлу Жанұзақова.
Қазір «Сафина-парк» тұрғын үй кешеніндегі үшінші ғимараттың көрінісі осы. Баспананың 95 пайызы дайын, тек 6-қабаты ғана заңсыз тұрғызылған. Шенеуніктер жобадан ауытқыған құрылысты сүріп тастауды талап етіп отыр. Бұл пәтерлердің құнын толық төлеп қойған үлескерлер үшін қиынға соқпақ. Ал төртінші ғимараттың іргетасы енді ғана қаланып басталған. Соның өзінде құрылыс компаниясы үлескерлерден жарты миллиард теңгеге жуық қаражат жинап үлгеріпті.
«Тек төменгі қабат қана салынып тұр. Сол үшін 500 млн теңгедей ақша жинап алған. Шынында бұл қаражатқа үйді толық салып бітетін уақыт жетті. Сондықтан «Сафина» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Өкінішке қарай үлескерлердің бәрі бірдей полицияға арыз жазбай отыр. Сол үшін бірнеше мәрте жиын да өткіздік. Бұл іс полицияның қарауында», – деді Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Нағымжан Алдияров.
Қазір тұрғын үй құрылыс компаниясының басшысы «Алаяқтық» бабы бойынша тергеліп жатыр. Ал полиция экономикалық және құрылыс сараптамасының нәтижесін күтіп отыр. Содан кейін ғана қылмыстық іс сотқа берілмек. Ал сақалды құрылыстың қашан пайдалануға берілетіні әзір белгісіз.
Райгүл Еншібай, Жомарт Құдайбергенов, «Алматы» телеарнасы