Қосановтың штаб өкілдері үнпарақтарды көпшілік орындарда таратуға көшті

Қосановтың штаб өкілдері үнпарақтарды көпшілік орындарда таратуға көшті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Президенттікке үміткер Әміржан Қосановтың Шығыс Қазақстан облысындағы өкілдері Өскеменде «Ашық есік» акциясын ұйымдастырды. Шара аясында келушілерге үміткердің сайлауалды бағдарламасы таныстырылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жиналған қауым саяси құжаттағы басты бағыттарды талдап, ұсыныстарын жаудырды. Оған қоса, штаб өкілдері Зайсан қаласына барып, насихат шараларын өткізді. Еріктілер мен белсенді жастар қоғамдық орындарда үміткердің ұстанымдары жазылған үнпарақты таратты.

Еске сала кетейік, осыған дейін Шығыс Қазақстан облысында үміткер Әміржан Қосановты қолдауға арналған бірнеше шара өтті. Өткен аптада облыстық штаб өкілдері «Жасыл қала» акциясын ұйымдастырған еді.

«Мен бүгін базар аралап жүргенде бір азаматтар кезігіп, Әміржан Қосановтың  сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Мен оны қарап шықтым, бірақ Әміржан Қосановқа дауыс беремін бе, бермеймін бе, оны уақыт көрсетеді», – деді қала тұрғыны Маржан ЕСІМХАНОВА.

Сондай-ақ, президенттікке үміткер Әміржан Қосановтың Ақмола облыстық штабы жиын өткізді. Олар шарада үгіт-насихат жұмыстарының қарқынын арттыру мәселесін талқылады. Оған кандидаттың аймақтағы сенімді өкілдері мен белсенді жастар қатысты. Жиында негізінен сайлаушылармен жұмыс істеу және үгіттеу құралдарын тарату мәселелері көтерілді. Басты мақсат – үміткер ұстанымдарын барынша көп тұрғынға жеткізу болғандықтан, қатысушылар үнпарақтарды адам көп жүретін орындарда, әсіресе сауда орталықтарында таратуды қолға алды. Сондай-ақ, бұл іске ерікті жастарды жұмылдыру да көзделіп отыр.

Новости партнеров