Петропавл әкімдігі кәсіпкерлерге неге қарызын қайтармай жүр

Петропавл әкімдігі кәсіпкерлерге неге қарызын қайтармай жүр
Мемлекеттік мекеменің басшылығы кездесуге келмеді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Петропавлдық кәсіпкерлер әкімдіктен ақшасын ала алмай жүр. Жергілікті билікке қарайтын «Коммунхоз» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің бизнес субъектілеріне 1 миллиард теңгеге жуық берешегі бар, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Коммунхоз» мемлекеттік мекемесі 20-дан астам бизнес өкіліне берешек. Бұл тізімде Бағлан Ысқақов та бар. Жеке кәсіпкерге мекеме 18 млн теңге қарыз. Ол 2019 жылы келісімшартқа отырып, қала көшелерін қыста қардан тазартқан. Барлық жұмыс толық көлемде атқарылыпты, алайда қолына қызмет ақысын әлі күнге дейін алмаған. Енді банкротқа ұшырауға айналған.  

«Солярка, дизел отынын алдым. Өзімдікі жетпеген соң техника жалдадым. Кісілерге еңбекақысын бердім. Барлығы сотқа бергеннен кейін бүкіл фирма, мүлік, техинка бұғаталған. Оның үстіне несие бар «Дамудан» алған. Салық үшін бұғатталған. Сонда мен не істеу керекпін?», – деді  кәсіпкер Бағлан Ысқақов.

Аталған мекемеден ақшасын ала алмай, сан соғып қалған кәсіпкерлердің тағы бірі – Александр Ушаков. Ол қаланы осыдан 2 жыл бұрын Жаңа жыл мерекесі қарсаңында безендірген. Қазіргі таңда ұйымнан алар 16,5 млн теңгем бар дейді.

«Келісімшартты белгілі бір сомаға жасастық. Сол кезде маған ақшаның бір бөлігі ғана төленген болатын. Қалғанын әлі бермей жүр. Осы іске қатысты сот отырысы да өтті. Сот шешімді менің пайдама шығарды. «Коммунхоз»-ға қарыз сомасы қайтару үкімі шығарылды. Алайда сот орындаушысы бұл соманы өндіріп ала алмайды. Себебі, ұйымның шотында бір тиын ақша жоқ», – деді кәсіпкер Александр Ушаков.

Ал мемлекеттік мекеменің басшылығы кездесуге келмеді. Тіпті байланысқа да шықпады. Жергілікті әкімдік өкілдері мәселені шешудің бір-ақ жолы бар екенін айтады. Ол – қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімін сотқа беріп, қарызды өндіріп алу.

«Бұл құжаттармен сотқа жүгініңіздер. Егер де сот біздің кінәні шынымен растаса, біз барлық қарызды төлейміз. Шотта қаражат бар. Тағы да түсіндіремін, сот шешімінсіз біз сіздерге бұл қарызды тікелей төлей алмаймыз. Бұл мәселені алдымен айғақтармен растау қажет», – деді Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Асқар Хабибуллин

Жиын өтсе де, мәселе толық шешімін тапқан жоқ. Ал кәсіпкерлерге тиесілі теңгесі қалай тиетіні әзірге белгісіз.  

Нұргүл Алина, Жұлдызбек Ермұқанов, «Алматы» телеарнасы, СҚО-дан

Новости партнеров