Елімізде студенттік несие жүйесі енгізілуі мүмкін. Мұндай несие білімгерлерге жоғары оқу орындарында оқу үшін жылына 2-3 пайызбен берілмек. Салада енді қарастырылып жатқан жаңа мүмкіндікті елдің Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ведомство басшысының айтуынша, жыл сайын мемлекеттік гранттың саны көбейтілгенімен, толық қажеттілік әлі де қамтылмай келеді. Бастама Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша іске асып жатыр. Қазір арнайы құрылған жұмыс тобы пысықтап жатыр. Бекітілген нұсқа келесі жылдан бастап енгізілмек.
«Яғни, бұл сол гранттардан тыс қалған балаларға отбасылық бюджетке салмақ түсірмеу. Ұзақ мерзімді осындай тетіктерді қарастырудамыз. Жеке банктермен қазір бірігіп жұмыс тобын құрып 2-3 пайызбен жеңілдетілген студенттік несиелер механизмін еңгіземіз», – деді ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.