Адамды қолы емес, арманы алға жетелейді – паралимпия ойындарының чемпионы Азамат Оразбек

Адамды қолы емес, арманы алға жетелейді – паралимпия ойындарының чемпионы Азамат Оразбек
«Ендігі арманым – баспаналы болу» – дейді спортшы
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Әр адамның тағдыры – ашылмаған бір тарих. Алматыда қос қолынан айрылған Азамат Оразбек көпке үлгі болып жүр. Оның мүмкіндігі шектеулі болғанымен, ерік-жігері мұқалмаған. Жас та болса спортшының қоржынында 7 дүркін чемпиондық медаль бар. Бос уақытында ән салып, қоғамдық жұмыстарға да атсалысады. Екі баланың әкесі екі қолынан жоғалтқан жантүршігерлік сәтті есіне де алғысы келмейді. Тек бір айтары, бала кезде қарт кісіге көмектесемін деп қуаттылығы жоғары трансформатордың тоғына түскен. Десе де, өмірді шексіз сүйетін жігіт тағдырына еш кейімейді.

«Спортқа осыдан 9 жыл бұрын келдім. Ең бірінші жүзу спортынан ел ішінде көптеген жүлделі орындар алып, Қазақстанның құрамасына қабылдандым.  Сонымен ең алғаш 2009 жылы Токиода өткен Азия біріншілігіне ел намысын қорғауға барғаным есімде. Сол аралықта мен үстел теннисін де бірге алып жүретінмін. Одан кейін тек үстел теннисіне көштім.  Алғашқы жеке бапкерім Зоя Петровна, мені бір көргеннен-ақ бойымда қабілет барын, соны ашу керектігін айтып, жаттығуға шақырды. Өзім білмейтін көп нәрсені маған сол кісі үйретті. Үстел теннисінің арқасында әлемнің көптеген мемлекеттерін араладым. Жеті дүркін чемпион болдым. Шет мемлекеттерден Малайзияға, Йорданияға бардық», – дейді Қазақстан мен Паралимпия ойындарының бірнеше дүркін чемпионы Азамат ОРАЗБЕК.

Азамат бүгінде өзінің спорттан аздап қол үзгенін айтты. Себебі бүгінде ол бар күшін өнерге салып жатса керек. Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі мамандығын алып шыққанымен, оның өмір бойғы арманы сахна болса керек.  

«Өмірде маған шабыт беретін бір нәрсе болса, ол – отбасым. Өйткені мен онсыз ешкім емеспін. Үлкен қызым Айзере, екіншім – Айсұлтан, екеуінен артық ештеңе жоқ мен үшін.  Жастарға айтарым, алға қойған мақсаттарына ұмтылсын.  Әр адамда арман мен жоспар болуы керек. Ендігі менің арманым – баспаналы болу. Егер мейірімді жандар табылып жатса немесе үкіметтегі ағаларымыз кішкене демеу берсе, өзімнің алға қойған жоспарларыма қол жеткіземін деп сенемін», – деді  Қазақстан мен Паралимпия ойындарының бірнеше дүркін чемпионы Азамат ОРАЗБЕК.

Новости партнеров