Аягөз ауданында жергілікті сипаттағы төтенше жағдай жарияланды
Қарғын су еліміздің шығыс өңірін де әлекке салды. Абай облысында еріген қар салдарынан Аягөз өзені арнасынан тасып, Бозай ауылы байланыстан тыс қалды. Бұл Аягөз ауданында жергілікті сипаттағы төтенше жағдай жариялауға түрткі болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Күн күрт жылынып, қар ерігені сол еді, бұған дейін бұлқынбаған Аягөз көлі арнасынан тасып жатыр. Салдарынан Бозай ауылы мен аудан орталығын жалғап тұрған жалғыз көпірді су шайып кеткен. Ең сорақысы, 3 адам суда қалып қойып, жағаға шығуға тырысқан. Алайда жете алмай, із-түзсіз кетті. Қазір оларды құтқарушылар мен сүңгуірлер іздестіріп жатыр.
Ал Шығыс Қазақстандағы Топтерек ауылы тұрғындары түсірген бейнежазбада көпірді су алып кеткен. Ал бұл өткел - аудан орталығына апарар жалғыз жол. Сондықтан жергілікті жұрттың қайықты қолданудан басқа амалы жоқ. Бұл шаруаға төтеншеліктер де жұмылып, халықты су көлігімен тасып жатыр.
– Су деңгейі төмендегеннен кейін айналма жол салынатын болады. Жазғы уақытта бұл көпірді жөндеуден өткіземіз. Дегенмен ауылдарға қауіп жоқ. Бүгін төтенше жағдай бойынша отырыс өтті. Әр органға, ауылдық округ әкіміне тапсырма берілді, – деді Күршім ауданының әкімі Алмат Ақышев.
Ал төтеншеліктердің айтуынша, Марқакөл мен Алтай аудандарында қауіп көп. Өйткені қыста бұл аймақтарға қардың рекордтық мөлшері түскен. Қазір ондағы арықтарды тазалауға 2 мыңнан аса жұмысшы жұмылған.
– 446 арық, 72 канал, 447 көпір тазартылды. 368 мың текше метрден астам қар шығарылды. Халықты су тасқыны кезеңіне дайындау мақсатында төтеншеліктер 158 елдімекенде рейд жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде 20 мыңнан астам халық құлағдар болды, – деді ТЖД Төтенше жағдайларды жою басқармасының инженері Айгерім Сағидуллина.
Айта кетейік, аталған өңірлердегі тасқын салдарын жоюға Семей қаласының әскерилері де жұмылдырылған. Олар қауіпті деп танылған аймақтарға жөнелтіліпті. Ал Абай облысында құтқару жұмыстарын жүргізіп жатқан төтеншеліктер жағдай ушыға ма деп алаңдайды. «Қауіп өзен жоқ жерден де бар» деген құтқарушылар жоғары дайындық режиміне көшкен.
Аяулым Көлжігіт, Руслан Мұхамедияров, «Алматы» телеарнасы, Шығыс Қазақстан облысынан
Оқи отырыңыз: Төтенше жағдай: Жезді кентінде 26 отбасы эвакуацияланды