Қар суы Ұлытау облысын да айналып өткен жоқ. Облысқа қарасты бірнеше елдімекенді су алып, салдарынан 128 адам мен ірі қара мал эвакуацияланған. Бүгіннен бастап Ұлытау ауданына қарасты Жезді кентінде төтенше жағдай жарияланды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Облыс әкімдігінің ақпаратына сүйенсек, қарғын сумен күреске жергілікті атқарушы органнан 15, Төтенше жағдайлар департаментінен 50-ге жуық, ал полиция департаментінен 30-дан астам қызметкер жұмылдырылған. Кентте 13 техника мен 3 сорғы жұмыс істеп жатыр. Аумақта 26 отбасы эвакуацияланып, жатақханаға орналастырылды.
– Жезді кентінен 128 адам эвакуацияланды. Төтеншеліктер 128 адамды, оның ішінде 65 баланы эвакуациялады. Бүгін Жезді кентінде су деңгейі көтеріліп, 26 үйді су басу фактісі тіркелді. 65 баланың төртеуі эвакуациялық пунктте, қалғандары туыстарының үйіне орналастырылды – деді ТЖД бастығы Есен Байыров.
Өткен түннің өзінде Ұлытау ауданына қарасты Жездіде 10-ға жуық үйді су басқан. Кент тұрғындары мұндай жағдай алғаш рет болып тұрғанын айтты. Зардап шеккендердің бірі – Маржан Мейірханқызының отбасы. Түнгі сағат 2:00 шамасында төтеншеліктерден қоңырау түскен. Тек құжаттарын жинап үлгерген азаматтың барлық дүние-мүлкі су астында қалыпты.
– Балаларымыз ұйықтап жатты. Ойымызда ештеңе жоқ. Бір уақытта көрші бала жүгіріп келіп «шығыңдар» деді. Әке-шешемізді, балаларды қалаға апарып тастадық. Қайтып келгенімізде үйге кіру мүмкін емес, іші суға толып тұр. Таңғы сағат 3:00-ден бастап далада жүрміз, – деді Жезді кентінің тұрғыны Маржан Мейірханқызы.
Өкініштісі, оқиға орнында мамандардың тапжылмай жұмыс істеп жатқанына қарамастан, қауіп сейілмеді. Кешегі апатпен күрестік дегенде бүгін таңертең Ұлытау селосынан 70 шақырым жердегі Талдысай елдімекенінде қауіп күшейді. Қардың қарқынды еруіне және жер асты суларының көтерілуіне байланысты 8 үй су астында қалды. Мұндағы су деңгейі 50 см-ге жеткен. Апат аумағынан 20 адам эвакуацияланды. Оның бесеуі – бала. Сондай-ақ қауіпсіз жерге 100-ден аса мал басы шығарылған.
Алтынгүл Төлегенова, Наргиз Жанабекова «Алматы» телеарнасы, Ұлытау облысынан
Оқи отырыңыз: Қоянқұс ауылында 80-нен аса үй жарықсыз қалуы мүмкін