Алматыда алғаш рет көпбалалы аналар тіккен бұйымдар сатылатын дүкен ашылды. «Іскер ана» деп аталатын онда қос тігінші және сатушы жұмыс істейді. Олар да «Бақытты отбасы» орталығы аясында білім алғандар. Енді батыр аналар қолдан шыққан қолөнер туындыларын қайда апарамын деп бас қатырмайды. Бағасын қойып, дүкенге өткізіп кетеді. Ал түскен қаражатты ары қарай өз ісін жалғастыруға жұмсауына болады. Өйткені, нысанды жаны жомарт жандар тегін берген. Толығырақ Almaty.tv тілшісі Жадыра Омаржан жалғастырады.
Бұл дүкеннің ашылуын көпбалалы аналар ұзақ күтті. Мұнда олар тіккен бұйымдарын саудаға шығара алады. Тапқанын кәдеге жаратып, кейін өз ісін дамытса болады. Ал дүкенде көздің жауын алатын қазақтың костюмдерінен бастап 100-ге жуық тауар түрі сатылады. Бастысы қолөнер бұйымдарының бағасы қолжетімді. Дайын тауарлардан бөлек, онда өзіңіз қалаған дизайнмен заттарды тапсырыс қалдыруға болады. Мұнда тіпті өлшемді алатын қос тігінші де күнде жұмыс істейді.
«Қайда сатарын білмей, инстаграм парақшасы арқылы сатты. Әрқайсысы бөлек- бөлек бутик магазиннен орын жалға алса, ақша төлеу керек. Сол үшін біз әкімшілікпен бірге ақылдаса келе, демеушілердің көмегімен бүгін магазинді ашып жатырмыз», – деді Түрксіб аудандық «бақытты отбасы» орталығының жетекшісі Бибіраба Айымбетова.
Әрқашан өзін дамытудан шаршамайтын аналардың бірі – Роза Асқарова. Бұрын тігіншілікті тәмамдаған ол кейін бала бағып, сүйікті ісінен қол үзіп қалыпты. Енді уақытты босқа жібермей, курсқа қатысып жатыр. Ал дүкеннің ашылуы өзіне үлкен мотивация болғанын айтады. Өйткені жасаған бұйымы өтімді болуы үшін сапалы әрі жылдам тігуге мықтап кіріспек. Сөзінше, тігіншілік те дамып түрлі техникалардың пайда болғанын айтады. Сондықтан үйрену үшін кеш емес.
«Қыздар келсін, оқысын! Жақсы үйретіп жатыр. Енді магазинде ашылып жатыр. Көпбалалы отбасылардың аналары жұмыс істесе, сол істеген заттарын өзіміз сол жерде сатамыз. Үйренгеннің зияны жоқ. Көп нәрсені білген өзіңе жақсы. Өзімнің қыздарым да өсіп жатыр. Осыны бизнес қылсам да болады», – деді көпбалалы ана Роза Асқарова.
«Бұл идеяны жүзеге асыру аналардың қойған талабы. Біз осында келдік, тіркелдік. Бірінші келіп тіркеледі. Тіркелгенде біз не істейміз? Нақты «Бақытты отбасының» қандай пайдасы бар деген сұрақ туындады. Үйрене салып, үйде отыра бермейді ғой. Олар тігін жұмысын жасап, оны сататын жер ашу керек болды. Сол жерден дүкен аштық», – деді Түрксіб ауданы әкімінің орынбасары Ермек Бейсеуов.
Айта кетейік, Түрксіб ауданында 2600-ден аса көпбалалы ана бар. Оның 500-і алты және одан да көп баласы бар, яғни кеудесіне алтын мен күміс алқа таққандар. Жергілікті әкімдік мынандай тәртіпте жұмыс істеуді құп көрген.
Жадыра Омаржан, Сағынтай Мұңайтпасов, «Алматы» арнасы