Жалпы, Алматыда 5-шілдеден бастап осы күнге дейін карантин талаптарын бұзған 3 жарым мыңға жуық дерек тіркелген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Шектеу шаралары бәсеңдеген сайын жұртты жинап, жасырын қызмет етіп жатқан мекемелердің көбейгенін байқаймыз. Мәселен Әуезов аудандық мобильдік тобы тағы да қаладағы мейрамханалардың біріндегі тойдың үстінен түсті. Осы ретте қоғам қайраткерлері елді ес жиып, айтылған талап-тілектерді орындауға шақырды.
Бұл кадрлар осы демалыс күндері жасалған. Алматының дәл ортасында дүрілдеп осындай той өтті. Бірақ Әуезов аудандық мобильдік тобы шараны тоқтатып тастап, тәртіпке бағынбаған мейрамхана иесі мен асабаға айыппұл салды. Айта берсек тілге тиек болар жасырын өткен той-думандар жетерлік. Осы тұста ел ағалары жұртты тәртіпке бағынуға шақырды.
«Сақ болсаң сақтанамыз» дегенді айтып жатырмыз. Бірақ қазекем жүре тыңдап жатыр әлі. Шыдайық, шыдамасқа амалымыз жоқ. Сәл тойды тоқтата тұрмасақ болмайды. Өзіміз ауырамыз, ағайын-туысымызды ауыртамыз, бала-шағамызды ауыртамыз. Осыны неге ойланбаймыз? Айтылып жатыр, экраннан да, газет-журналдан да бірақ әлі күнге шейін тоқтайтын түріміз жоқ. тоқтатпасақ ауырғанымыз ауырған. Сауық-сайранды азайтайық. Құдай қаласа бұл да өтер, кетер. Содан кейін бәрін жинап аламыз ғой», – деді Жазушы, драматург Дулат Исабеков.
«Мамандардың айтуынша, мына індеттің екінші кезеңіне қатысты түрлі болжамдар айтылуда. Сондықтан ең әуелі бала-шағамызды мемлекетіміздің бөлшегі болып саналатын отбасы, туыстарымызды, жақындарымызды қорғаудың ең бірінші кезектегі айла-амалы бұл барлық сақтық шараларын талап-тілектерін орындау. Сондықтан «күн жақсысы келер, күн жаманы кетер» дейді. Сондықтан ел болып, жұрт болып жұмылып осы бір қиын уақыттардан бірге шығайық», – деді «Ана тілі» газетінің бас редакторы Жанарбек Әшімжан.
Ал белгілі жазушы Сәбит Досанов сақтық шараларды әркез ұстануымыз шарт деген пікірде. Ол мамандар болжаған вирустың келесі толқындарын күтпей-ақ талаптарды күнделікті орындау керек дейді.
«Шұғыл шаралар қолдану нәтижесінде бұл жаман аурудың беті қайтты. Дегенмен босаңсуға болмайды. Мұның екінші толқыны келеді дегендей әңгіме бар. Екінші толқыны келмей-ақ осы тұрған жерімізде сақтық шараларын қатаң сақтануымыз керек. Бетперде тағу, ара қашықтықтық сақтау соншалық қиын жұмыс емес қой. Осы бірге болу арқылы ғана жеңеміз бәрін. Біз біргеміз, Сызатсыз сөгілмейд іргеміз. Қол ұстасып жетеміз. алдағы бақытты, шаттық күнге біз», – деді жазушы, драматург Сәбит Досанов.
Зиялылар қазақта торқалы тойдың түр-түрі бар, алайда дәл қазір ойын-сауық құрып жүретін уақыт емес екенін айтуын айтып жатыр. Халық та бұл пікірді қолдайтын сыңайлы.
БЛИЦ:
- Менің ойымша, той табылады. Ал, адамның денсаулығы қалпына келмейді.
- Тойға қарсымын. Қазір оның бәрі шығын.
Жалпы бүгінде қала бойынша карантин талаптарын бұзды деген 3382 хаттама толтырылыпты. Оның 33-і заңды тұлға болса, 87-сі жеке кәсіп иесі. Ал 3 мыңға жуығы жеке тұлға.
Назкен Еркін, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы