Бүгін алдын-ала болжам бойынша тағы бір гектар аумақты қызыл жалын шарпыды. Қазір өрт сөндірушілер Медеу ауданына қарасты бөлікті толықтай сөндірді. Дегенмен, мамандар күн ысыған сайын қураған ағаш пен шөптің тұтану қаупі бар деп отыр. Мұндай қауіп әсіресе Алатау мен Медеу ауданына қатысты көрінеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бүгін Алматыда түстен кейін Көктөбе жотасы осымен үшінші рет өртке оранды. Өрттің күштілігі сонша тіпті жол жиегіне дейін жеткен. Әзірге қызыл жалынның ауқымы қаншалықты екені белгісіз. Оқиға орнында өрт сөндірушілер жұмыс істеп жатыр.
Үшінші рет орын алған өрт жайлы ақпарат кезекші бөлімге сағат түскі 14.00 шамасында түсіп, арада 1,5 сағат өткенде бірақ ауыздықталды. Қызыл жалын Медеу ауданына қарасты таудың оңтүстік-батыс бөлігінде шыққан. Тілсіз жаумен 34 адам және 6 арнайы техника, «Алматы Тазалық» мекемесінің су тасушылары күресті. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ. Өрт орын алған аумақ пен қаладағы басқа да алқаптар мамандардың қатаң бақылауында.
«Өрт қауіптілігі басым аумақтар анықталды. Қалада 78 шақырым жолды жырттырып, ретке келтіру қажет. Бұл әсіресе ауылда жасалады. Менің ойымша, қалада да осындай іс-шаралар артықтық етпейді. Қайта қауіпті сейілтіп, өрттің алдын аламыз. Сондай-ақ, шамамен 50 гектар аумақтағы шөпті дер кезінде ору қажет. Басты назар, тұрғын үйлердің жанындағы алқаптарға беріледі. Қазіргі таңда бұл жұмыстардың жартысы орындалды», – деді Алматы қаласы төтенше жағдайлар департаменті басшысы Серік ӘУБӘКІРОВ.
Төтеншеліктер 2 күн ішінде өртке оранған 20 гектардан астам аумақты сөндірді. Бірінші рет тілсіз жалын 11 тамыз күні күндізгі 14.30-да басталып, тек кешкі 20.00 шамасында ауыздықталды. Ізін ала таудың басқа бөлігінде де қызыл жалын басталғаны туралы хабар жетті. Дегенмен, екі дерек те дер кезінде сөндірілді. Көктөбе жотасының маңында тұратын халық өрт орын алғанда еш уайымдамағандарын айтады. Себебі, өрт сөндірушілер әр үйдің қасында кезекшілікке тұрған.
Айта кетейік, өрт сөндіру кезінде адамның мәйіті табылды. Алматы қалалық полиция департаменті қайтыс болған азаматтың аты-жөні анықталып жатқанын жеткізді. Дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі сараптама тағайындалды. Тек содан кейін марқұмның неден көз жұмғаны белгілі болмақ. Айта кетейік, өрттің көлемі ауқымды болғандықтан екі тікұшақ жұмылдырылған болатын. Өрт орын алған күні оқиғаға орнына қала әкімі Бақытжан Сағынтаев та барды. Бүгін ол жалынмен жанталаса күрескен жанкешті батырларға алғыс білдірді.
«Өрт сөндіру қызметі түнге қарамастан қарқынды жұмыс істеді. Таудың бөктерін жаяу аралап, мамандар бастарын қатерге тікті. Аянбай еңбек еткендері үшін алғыс білдіремін. Бұл жұмысқа келетіндер тек жүрек қалауымен келеді», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.
Айта кетейік, күні кеше Көктөбеде де бір біріне қатысы жоқ екі алапат өрт дерегі тіркелді. Алдын-ала болжам бойынша, қураған ағаш пен шөп жанған. Абырой болғанда, қызыл жалын тұрғын үйлерге жайылмай тұрып, дер кезінде сөндірілді. Алда екі күн бойы өрт орын алған аймаққа мамандар кезекшілік етеді. Ал, төтеншеліктер күннің ыстығына байланысты қураған шөптер кез-келген уақытта тұтануы мүмкін екенін айтады. Сол үшін алматылықтар мен қала қонақтарына барынша сақтық шараларын жасауды ескертіп отыр.
Жадыра Омаржан, Әрсен Сандыбаев, Әсет Құндақбаев, "Алматы" телеарнасы