13 шағынауданда салынатын жолдардың ұзындығы 118 шақырымды құрайды
Алматылықтардың талап-тілегі ескерусіз қалмады. Алатау ауданы әкімдігі тұрғындарының жаңа жол салу туралы өтінішін құптады. Енді Мамытов көшесінің тұрғындары тақтайдай тегіс көшемен жүреді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қазір жол жөндеу бойынша мердігер компания анықталып, дайындық жұмыстары басталды. Асфальт төсеу жұмысы толықтай қараша айында аяқталмақ. Жалпы, биыл «Әйгерім-2» шағынауданында ұзындығы 6 шақырым болатын 22 көше жасалады.
«Бұл ауданға 2005 жылы көшіп келдік. Жол мәселесі сол кезден бастап көтеріліп келеді. Кейде көршілерімізбен мүмкіндікке қарай тас төсеп тұрдық. Дегенмен ол кәсіби тұрғыда жасалмағандықтан, кей жерлері бәрібір қайтадан ойық болып шыға келеді. Талай жылғы өтінішіміз жерде қалмай, ақыры нәтиже шықты әйтеуір. Қазір мердігер мекеме келіп, жоспарымен бөлісті», – дейді аудан тұрғыны СЕРГЕЙ МЕЩЕРЕКОВ
Жол жөндеу барысында көше шамдары орнатылып, арық жүйесі де жасалмақ. Сондай-ақ жолдың еніне қарай қажетті жерлерге тротуар да қойылады. Айта кетейік, Алматыға соңғы жылдары қосылған аймақтарда инженерлік желілер жасалған. Сондықтан көшелерді жөндеу жұмысы су құбыры мен кәріз жүйесін орнатылған соң ғана қолға алынып отыр.
«Биыл Алматыдағы Алатау ауданына қарасты 13 шағынауданда жаңа жол салу қарастырылып отыр. Жолдың жалпы ұзындығы 118 шақырымды құрайды. Бұл – 446 көше тақтайдай тегістеледі деген сөз. Қазіргі таңда жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асып жатыр», – дейді Алматы қаласы қалалық мобилділік басқармасы жол инфрақұрылымын дамыту бөлімінің басшысы Асан БОСТАНОВ.