Суды тоқтатып, жарықты заңсыз өшірді – Бостандық ауданының тұрғындары

Almaty.tv
Almaty.tv
Тұрғын үй басқармасының мамандары шағым түскеннен кейін ғана тексеріс жүргізе алатындарын айтады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Суды тоқтатып, жарықты заңсыз өшірді». Бостандық ауданының тұрғындары жиналып, наразылығын білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Олардың айтуынша, тұрғын үйге жауапты компания құжатта көрсетілген келісімшарттан жалтарып, өсімпұл мен тарифты 2 есеге қымбаттатқан. Кешен тұрғындарына да, кәсіпкергер де қиындық тудырған оқиғадан кейін бірнеше отбасы көшіп те кетіпті. Керемет үйге қол жеткіздік деп бөркін аспанға атқан елдің қуанышы ұзаққа бармады. Ал тұрғын үйге жауапты компания көптің көңілін қалдырған. Тұрғындардың айтуынша олар келісімшартта пәтердің әу баста көрсетілген бағасын өзгертіп, себепсіз өсімпұл ретінде тағы 10-15 миллион теңге төлеуді талап еткен. Келіспегендердің жарығы мен жылуын өшіріп тастаған.  

«Олар заңды тұрғыда ештеңе шешіп жатқан жоқ. Керісінше үйдегі жылу, су, жарықты өшіруге дейін барды. Енді не істерімізді білмейміз», – деді қала тұрғыны Гаухар Байдәулетова.

Сейітқасым Батырбеков осы кешендегі азық-түлік дүкеніне генератор арқылы жарық беріп отыр. Кәсіпкер 2020 жылы компаниядан аумағы 94 шаршы метр нысанды 52 миллион теңгеге сатып алуға келіскен. Алайда, әр шаршы метрі келісімшартта 560 мың теңге деп көрсетілгенмен қазір 2 есе артқан.

«14 миллион қарызым қалған болатын. Төлеймін деген кезде саған сатпайтын болдық, келісім шартты бұзамыз деді. Қазір нысанның бағасы 100 миллион теңге тұрады. Квадраты миллион теңгеге өсіп кетті деп түсіндірді», – деді кәсіпкер Сейітқасым Батырбеков.

Мердігер компания өкілі Динара Өтегенованы сөзге тарттық. Ол кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екенін заң аясында сот шешеді дейді.

«Өткен аптада сот отырысы болды. Менің ойымша, құжатта барлығы дұрыс әрі заңды түрде белгіленіп көрсетілген. Сондықтан сот шешімін күтеміз», – деді мердігер компания өкілі Динара Өтегенова.

Ал тұрғын үй басқармасының мамандары мұндай жағдайда әуелі шағым түскеннен кейін ғана тексеріс жүргізе алатындарын айтады. Бірақ, компанияның жарық пен жылуды өшіруі заңға қайшы дейді.

«Бізде 2023 жылға дейін кіші және орта бизнеске мараторий жарияланған. Кіші бизнес болса тексеріс жүргізе алмаймыз», – деді Тұрғын үй саясаты басқармасының бас маманы Дастан Маусымбаев.

Мәселесін айтуға көп тұрғын шықпай қалған. Өйткені, қарызын толық қайтармағандар баспана бағасы да өседі деп алаңдайтын көрінеді. Егер, жағдай реттелмесе тұрғындар құзырлы органдардың табалдырығын тоздыруға дайын отыр.

Мерей Қанапиянов, Сағындық Нарықов, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров