Алматыда бес бірдей адамның өліміне себепші болған Игорь Дужнов бүгін соңғы сөзін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бұған дейін сот отырысында прокурор оған өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасын сұраған. Себебі «күдіктінің қанды қылмысқа қасақана барғаны дәлелденді» деген мемлекеттік айыптаушы мұндай қатыгез адамның енді бостандыққа шығуы өте қауіпті екенін айтқан еді. Бір айға созылған атышулы істі тергеу кезінде ол өз кінәсін мойындамады. Бүгін де сол пікірінде қалды. Онлайн режимде өткен сот отырысына күдіктінің қызы мен әйелі және оқиға кезінде көз жұмған азаматтардың туыстары қатысты. Атышулы іске алдағы сейсенбіде нүкте қойылады.
«Мен өз басым зұлымдыққа қарсы адаммын. Ал өткен жылы қыркүйек айында болған оқиға кезінде олар менің үйіме кіріп, отбасымды заңсыз қуып шықпақ болды. Мен балаларымды қорғадым. Марқұмдарға ешқандай өшпенділігім болмады. Баланың құқығы әрқашан да биік болу қажет деп есептеймін», – деді күдікті Игорь Дужнов.
Еске салайық, өткен жылы 20 қыркүйекте 54 жастағы азамат үйден шығару туралы сот шешімін орындатуға келген сот орындаушылар мен учаскелік полиция инспекторларына оқ атқан еді. Оқиға кезінде бес адам қаза тапқан.