Карантин кезінде жиі тіркелетін құқық бұзушылық әрекеттері белгілі болды

09.04.2020 23:33

Барлық деректер бойынша ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 476-бабына сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін хаттама толтырылған

Алматы облысының полициясы жергілікті жұрттың карантин кезінде қандай тәртіп бұзғанын жариялады, деп хабарлайды Polisia.kz.

Елімізде төтенше жағдай жарияланғаннан бері Алматы облысы аумағында 89 рет тәртіп бұзылған. Оның ішінде ең көп тіркелгені – карантин аумағына кіруге немесе тыйым салынған аумақтан шығуға әрекет етушілер болды – 42 факт.

Аталған деректер бойынша ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 476-бабына сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін хаттама толтырылған. Карантин және басқа да мiндеттi санитариялық-эпидемияға қарсы iс-шараларды өткiзуді бұзғаны үшін 27 хаттама жазылған.

Ал, жиналыстар, шерулер және демонстрациялар, сондай-ақ ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық iс-шараларды өткiзу дерегі бойынша 10 әкімшілік хаттама толтырылған. Сонымен қатар, тәртіп сақшылары белгiлi бiр жерден, өзiнiң пәтерiнен (үйiнен) кетудің алты дерегін анықтаған.

Тыйым салынса да, алкогольдік iшiмдiктерді және құрамында спирт бар заттарды саудалаудың төрт дерегі әшкере болды. 16 наурыздан 8 сәуірге дейінгі кезеңде Алматы облысының аумағында төтенше жағдай тәртібін бұзудың 89 дерегіне жол берген 36 тұлға қамаққа алынып, 42 азамат айыппұл арқалаған. Сондай-ақ, 5 тұрғын ескерту алумен шектелген.