«Нұршашқан» ықшамауданында әлі күнге жарық пен жол мәселесі шешілмей келеді

05.11.2019 в 23:34

Өйткені аумақ Алматы облысына тиесілі кезде әлдеқашан жекенің меншігіне өтіп кеткен

Алматыға қосылғанына 5 жылға жуықтаса да, «Нұршашқан» ықшамауданында жол мәселесі шешілмей келеді. Осылай деп арнамызға Түрксіб ауданының тұрғындары базынасын жеткізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Әсіресе, күз-көктем үйлерінің алды бұл жер шалшыққа айналады. Сондықтан, резеңке етік киіп жүруге мәжбүрміз дейді олар. Оған қоса, көшеде жарық шамдары да жоқ. Олар жергілікті әкімдіктің есігін талай қаққанмен, мәселе шешім таппаған.

«Нұршашқан» ықшамаудандығы Алатау көшесінде бірнеше жыл бұрын жарық та, көгілдір отын да болмаған. Сол кезде тұрғындар бірігіп мәселені өздері шешкен. Қажетті қаражат жинап, коммуналдық жүйелерді жасатқан. Тек жол мәселесі әлі күнге дейін реттелмей келеді. Салдарынан жедел жәрдем мен өрт сөндіретін көліктің кіруі қиын дейді.

«Біздің мекенжайға келу мүмкін емес. Себебі, көшеміз картада да жоқ. Дәл Алатау көшесі жоқ. Жазда осында өрт болды. Сол кезде өрт сөндірушілерді алыстан күтіп алу керек болды. Жедел жәрдем де солай. Тіпті бізге бұрылғылары да келмейді. Себебі, жол жоқ болғандықтан, көліктері тіреліп қалады. Біз үшін күз және көктем – өте  қиын кезеңдер. Ойық-ойық көшенің салдарынан көлікті басқа жерге қалдырып кетеміз», - деді тұрғындардың бірі Мухаббат СӘБИ.

Тұрғындар жергілікті әкімдіктің есігін көбірек тоздырған соң көктемде бір топ шенеунік келіп, қордаланған мәселені көріп қайтқан екен. Бір қызығы, жұрттың жан ұшырып сұрап жүрген жолдары заң жүзінде жоқ болып шыққан. Өйткені аумақ Алматы облысына тиесілі кезде әлдеқашан жекенің меншігіне өтіп кеткен. Сондықтан, әкімдік заң бойынша қожайындарының рұқсатынсыз, жолды жасай алмай отырмыз дейді. Қазір қолдарынан тек уақытша тас төсеп беру ғана келмек.

«Заң жүзінде шешу керек. Алматы қаласының архитектура басқармасына тиісті хат жолданды. Сондай-ақ, жер қатынастары басқармасы да жердің игерілмеуіне байланысты қайтарып алу жайлы сұрадық. Тек содан кейін ғана біз кіріп, қалалық бағдарламаны жүзеге асыра аламыз. Жолдарды жөндеуге кірісеміз. Қазір әрине Бұқтырма көшесі арқылы кіретін жол бар. Дегенмен, жол мәселесі ашық күйінде қалып отыр», - деді Алматы қаласы Түрксіб ауданы коммуналдық-шаруашылық бөлімінің басшысы Айдос БЕКЕТАЕВ.

Бос жатқан жерлерді мемлекетке қайтару процесі қашан басталып, аяқталаныны белгісіз. Тек бір анығы, тұрғындарға күтуден басқа амал жоқ деп жұбатты.

Жадыра Омаржан, Рамина Мирзалимова, Рәшид Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы