Биыл мал азығының тапшылығы байқалмай, мал басы өсіп жатқанымен еттің бағасы арзандаған жоқ. Керісінше қымбаттады. Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев еттің құны әлі де өсуі мүмкін екенін айтады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бірақ қанша пайызға көтерілетінін болжай алмады. Сондай-ақ Қазақстанда сары май өндірісінің төмендегенін сұраныстың жоқтығымен байланыстырды.
Қазақстанда бір көтерілген бағаның түсуі қиын. Тіпті жоғарыламаса, түспейді де. Жауаптылардың сылтауы да дайын тұрады. Мәселен, бүгін ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев үкімет отырысында елде ет өндірісінің көлемі артып жатыр деп ағынан жарылды. Мал басының саны да өсіп, ет экспортының көлемі ұлғайыпты. Алайда ішкі нарықта еттің бағасы өсуі мүмкін екенін айтады Қарашөкеев. Оның себебі мынада екен. Малды бағуға арналған жем-шөп жеткілікті болғанымен, жанар-жағармайдың бағасы, шаруаларға керек жарақтың құны қымбаттаған соң, ол еттің бағасына әсер етеді дейді министр.
«Бағаны болжау деген қиын нәрсе. Біз бағаны өсе ме, өспей ме деген кезде бірнеше факторды еске алуымыз керек. Негізінен керекті заттардың бағасының бәрі өсіп жатыр. Сол себептен біршама өсуі мүмкін. Ол енді негізі мал шаруашылығынан пайда алу деңгейін қалыпты сақтау керек», – деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев.
Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, отандық сары май өндірісі бәсекеге қабілетті емес. Сол себепті өндірушілер қаймақ пен йогурт шығаруға көшкен болар деп болжайды. Ведомство басшысы сары май жасауға кететін шығынның неліктен көп болатынын ашып айтпады. Тек отандық өндірушілер бәсекеге қабілетті емес деп қысқа қайырды. Қазір біздің елге сары май көрші мемлекеттерден жеткізіліп жатыр екен.
«Сырттан да май келіп жатыр. Сол себепті майдың көлемінің азаюы, өндіріс көлемінің азаюы ол тек қана осы май өндіруші зауыттардың шешімі. Керек жағдайда сүт бар. Сұраныс көп болып, импорт азайып жатса, сол қажетті көлемде майды өндіруге бар мүмкіншілігіміз бар», – деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев.
Үкімет отырысынан кейін Премьер-министр Әлихан Смайылов Ауыл шаруашылығы министріне мал азығын дайындау бойынша Маңғыстау мен Атырау облыстары графиктен қалып келетінін ескертті. Сондай-ақ азық-түлік келісім-шарт корпорациясымен бірлесіп, қыс мезгілінде фермерлердің қажеттілігін қамтамасыз ету үшін жем-шөп қорын уақытылы жасақтау шараларын қабылдауды тапсырды.
Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтаннан