|
23.06.2024 | 21:09
17796

Алматыда электр автокөлігінің саны артты

Электромобильдерге арналған 200-ден аса бекет бар

Алматыда электр автокөлігінің саны артты Almaty.tv

Еуропа елдері мен АҚШ, Қытай секілді алпауыт мемлекеттер жанармаймен жүретін автокөліктерді шығаруды азайтқан. Себебі оларды қуат көзімен жүретін электромобильдермен алмастырған. Мұндай көліктер еліміздің ірі қалаларында да көбейіп келеді, деп хабарлайды Almaty.tv  тілшісі.

Электромобильдің жанармаймен жүретін автокөліктен айырмашылығы көп. Мамандардың сөзінше, ол қыздыруды да қажет етпейді. Электр көліктері түріне, батареясының сыйымдылығына, қуаттылығына қарай бірнеше топқа бөлінеді. Бір рет қуаттағаннан кейін, электромобильмен кем дегенде 400 шақырымдық қашықтықты еңсеруге болады. Эколог Азаматхан Әміртай мұндай көліктердің елімізге қажет екенін алға тартты. Оның сөзінше, электромобиль ауадағы зиянды қалдықтардың азаюына едәуір септігін тигізеді.  

– Электр автокөліктерін Қазақстанға алып келуміз керек. Оның зауытын ашуымыз керек, оған арнайы инфрақұрылымдар жасалуы керек. Ол қаланың ауасын тазартуға көмегін береді.  Сол жерде тұратын халықтың денсаулығына әсер береді, – деді эколог Азаматхан Әміртай.

Эколог «осы тенденция арқылы елдегі жасыл энергияны дамытуға болады» дейді. Атом электр стансалары салынып, электр көлігін қуаттайтын орындардың санын арттыру қажет. Қазір бір ғана Алматы қаласында мұндай темір тұлпарға арналған 200-ден аса бекет бар. Алайда автосарапшы Әлиасқар Аманжол бұл көрсеткіштің аздық ететінін айтып отыр. Тіпті, көліктің бұл түрінен келетін қауіп-қатерді атап өтті.

– Электрокарлар Қазақстан елінде өте қарқынды даму үстінде. Бірақ бензин, дизельді двигательдермен салыстырғанда аз. Бірақ жыл сайын ауқымы көбеюде. Дегенмен мұндай көлік ер азаматтардың денсаулыққа зиян. Кей тараптар электрокарлар батерея болғандықтан, ол ыстық күнге тез жарылатынын айтты. Бірақ Қазақстанда қатты бір ыстық та жоқ. Сол себепті оны кедергі деп санамаймын, – деді автосарапшы Әлиасқар Аманжол.

Автосарапшы электр көліктерін Қазақстан үшін тиімсіз деп санайды. Оның сөзінше, жанармаймен жүретін көліктер әлдеқайда ыңғайлы. Бұл пікірді мұнай саласының сарапшылары да растап отыр. Олжас Байділдиновтің сөзінше, елдегі электр энергиясы саласында әлі де тұрақсыздықтар байқалады.

– Электромобильдердің мұнай өндірісіне әсері бар деген тұжырымдар асыра сілтеушілік деп санаймын. Бұл ешқандай факті, сандарға негізделмеген фобия ғана. Негізінен әлемде 1 миллиардтан аса көлік бар. Ал электромобильдің ондағы үлесі тек 1,3 пайыз. Енді бүкіл әлем электр көлігін өндіре бастады делік. Бірақ оның өзінде ескі және жанармаймен жүретін көліктерді нарықтан ығыстыру үшін бірнеше жыл қажет болады. Сондықтан электромобильдердің көбеюі мұнай өндірісіне әсер етеді деген - жай ғана аңыз, – деді ҚР Энергетика министрлігі қоғамдық кеңесінің мүшесі Олжас Байділдинов.

Бұл – сарапшылардың пікірі. Алайда сан түрлі көзқарасқа қарамастан ел тұрғындары электр көліктерін жиі қолдана бастаған. Алматы қаласында 2023 жылы 5461 көлік тіркелді. 2024 жылдың 5 айында бұл көрсеткіш 6550-ге артты. Қазір қаладағы электромобильдер саны 12 мыңнан асып отыр.  

Рүстем Айткәрім, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Алматылық оқушылардың қала сыртындағы жазғы сауықтыру лагеріндегі демалысы басталды

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир