Алматыда көпбалалы ана бастаған қайырымды жандар сарбаздарды құтқарып қалған

19.01.2022 01:26

Еріктілер қаскөйлермен бетпе-бет келіп, сарбаздар мен қарапайым азаматтарды ауруханаға жеткізуге атсалысыпты

Almaty.tv

Алматылық қайырымды жандар қаңтар қырғыны кезінде 8 адамның өмірін құтқарып қалған. Бибінұр Шерәлиева есімді көпбалалы ана көмекшілерімен бірге кешегі аласапыранда қаскөйлермен бетпе-бет келіп, Президент резиденциясын қорғаған сарбаздар мен қарапайым азаматтарды ауруханаға жеткізуге атсалысыпты. Ештеңеден тайсалмаған еріктілер жаралыларды құтқару үшін содырлардың сөзін сөйледік дейді. Көпбалалы ана қанды күнгі жаға ұстатарлық жайттарды Almaty.tv тілшілеріне айтып берген еді.

Ажал аузында қалған адамдарды өлімнен арашалап алу үшін жанұшырып шырылдап жатқан Бибінұр Шерәлиева есімді көпбалалы ана. 5 қаңтар күнгі қырғында жаралыларды қалай құтқарғанын, қандай қақтығыстардың куәсі болғанын бізге бүгін бүге-шүгесіне дейін айтып берді. Қайырымдылықпен айналысатын әйел қалада бейберекет орнап, оқ атылып, бейкүнә адамдар мен сарбаздар нақақтан жараланып жатқанда үйінде қарап отыра алмапты. Қасына үш әлеуметтік қызметкер мен көлік жүргізушіні ертіп алып, көмек көрсетуге алаңға барған.

«Жараланған солдат бар, соны алып шығуға көмектес деп біреу келді. Жүр дедім мен. Біз жаяу барып аламыз деп ойладық. Бірақ көлікті өртеп, жарып жібере деген қауіппен алға жылжи бергенді жөн көрдік. Әрине, қорықтық. Жаралы солдатты жерде жатқан полиция қалқанына салып, көтеріп алдық. Оны машинаға алып келгенімізбен, ішіне кіргізе алмадық. Өйткені кішкентай көлік болғандықтан, ішіне сыяр емес. Біресе қаны ағып жатқан сарбазды саламыз, біресе қалқанды қоямыз. Әйтеуір амалдап жатып, көлікке салдық», – дейді көпбалалы ана, «Рахым» әлеуметтік үйінің директоры Бибінұр Шерәлиева.

Осылайша, ең алғашқы адамды №12 ауруханаға апарып дәрігерлерге тапсырған. Ал бұл кезде көмекшілері Сұлушаш Жүсіпова, Венера Тұрғанова және Румиля Ходжаева есімді еріктілер алаңда қансыраған адамдарға алғашқы медициналық көмек көрсетіпті. Олар жараланған 40 шақты адам барын көріпті.

«Әскери көлік 300 км/сағатпен жүйткіген шығар. Адамдарды басып кете ме деп қатты қорықтық. Өлдік деп ойладық. Сосын ол өтіп кеткеннен кейін біз қайтадан көлікпен ішке кірдік, іште бір жас балалар бар деді. Біреуінің аяғы, біреуінің бұғанасы жараланған, қан ағып жатыр деді. Қайтсек те соларды сүйрелеп, ауруханаға тасыдық. Сөйтіп жүргенде 8 жаралыны шығарыппыз», – деп еске алады Бибінұр Шерәлиева.

Қайтуға әрекеттене бергенде көзі зақымданған тағы бір өрімдей жап-жас сарбазды №5 клиникалық ауруханаға апарып тастаған. Қанды қырғында Бибінұр Шерәлиева қаруланғандардың қалай өзара тілдескеніне куә болдым дейді.

«Екі жедел жәрдемді басып алды да, артынан көлікті жағып жіберді. Сосын бір жеңіл көлік келіп бұларға автомат таратты. Олар бізге де келіп «сіздердің машинаңызбен қару алып келейік» деп ұсынды. Біз «жаралыларды тасып жатырмыз, қазір қолымыз тимейді» дедік. «Жоқ, бармаймыз» деп айтуға қорықтық», – дейді Бибінұр Шерәлиева.

Көбі содырлардың айдауына еріп кеткен жастар әрі олар не істеп жүргенін білмеген еді деп еске алды.

«Қазір бәрі өткеннен кейін «олар мені оп-оңай ата салатын еді ғой» деген ойлар келеді. Бірақ ол кезде менде ондай қорқыныш болған жоқ. Өйткені олар не істеу керек екенін өздері де білмей жүрді. Қолдарында қару болғанымен, не істеп, кімді ату керек екенін де білмей жүргендей көрінді», – дейді көпбалалы ана.

Басбұзарлардың күдігіне іліккен олар содырларды алдап әрекет етуге тура келгенін айтады.

«Бізді не деп айтады екен деп қитұрқы сұрақтар қойып, түрлі әрекеттерге барды. «Жанса, жансын» дедім. Өйткені мен олардың бізден күдіктеніп тұрғанын түсіндім. «Жанса, көк түтін болып жанып кетсін» дедім әдейі. Егер жоқ деп білдіріп қойсақ, онда олар бізді жаралыларға жібермейтін еді. Олардың сөзін сөйледік. Жасыратыны жоқ. Өйтіп сөйлемесең, сені жаралыларға жолатпайды», – дейді Б. Шерәлиева.

Осындай жантүршігерлік арпалысты бастан кешірген көпбалалы ана қазірдің өзінде қоғам игілігі үшін тыным таппай еңбек етуде. Өзі құрған әлеуметтік үйде өзге де еріктілермен бірге сарбаздарға, жедел жәрдем және полиция қызметкерлеріне, мұқтаж жандарға күнделікті ас әзірлеп, үлестіреді. Өр мінезді, ержүрек ананың мұндай жанкештілігіне, өжеттігіне тамсанып, қайран қаласың.

Назкен Еркін, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы