Орталық мешітке жиналғандар «Қанды қаңтар» оқиғасы кезінде көз жұмған азаматтарды еске алып, дұға бағыштады
«Күшіміз бірлікте». Алматыда осындай атаумен дін өкілдері бас қосып, қайырымдылық акциясын өткізді. Шараға еліміздің бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы қатысып, жаппай тәртіпсіздік кезінде қайтыс болған азаматтарға арнап құран бағыштады. Одан бөлек, марқұмдардың артында қалған отбасыларына барып, көңіл айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Орталық мешітке жиналған дін өкілдері «Қанды қаңтар» оқиғасы кезінде мезгілсіз дүние салған азаматтарды еске алып, дұға бағыштады.
Осы орайда бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы жақында ғана «Қазақстан халқына» деп құрылған қоғамдық қорға дін саласында еңбек етіп жүрген қызметкерлердің 1 күндік жалақыларын аударғанын айтып, еліміздің кәсіпкерлерін жаппай қолдауға шақырды. Кейін ұйымдастырушылар азық-түлік салынған қораптарды көмекке мұқтаж жандар мен марқұмдардың артында қалған отбасыларына таратып берді.
«Қайтыс болған бейбіт тұрғындарымыз бар, жазықсыз қайтыс болғандар бар, әскери қызметкерлер, құқық қорғау қызметкерлер бар, соларға қайғырып көңіл айтамыз. Алла Тағала ол кісілердің рухын шат, жатқан жерін жәннат етсін. Отанын қорғау үстінде үтінде қайтыс болған азаматтарымызға шейт сауабын Алла нәсіп кетсін дегім келеді», – деді ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.
Артынша жамағат өкілдері дүрбелең кезінде қаза тапқан әкімшілік сот қызметкері Мұрат Абраев пен полиция қызметкері Ринат Қамбетовтің үйіне барып, олардың жақындарына көңіл айтты.
«Осы Алматы өкілдігі оқиға басталғалы бері бірқатар шараларды жүзеге асырып келеміз. Және ең бірінші кезекте халыққа басу айтып, ынтымаққа, бірлікке шақыра отырып, бірнеше рет Құран бағышталды», – деді қаланың бас имамы Төлеби Оспан.
Ұйымдастырушылар мұнымен тоқтамай, алдағы уақытта да осындай қайырымдылық акцияларын өткізуді жоспарлап отыр.
Мерей Қанапиянов, Сағынғали Мұңайтбасов, «Алматы» телеарнасы