Қарғын су: ел аумағында қауіп сейілді ме

Almaty.tv
Almaty.tv
Төтенше жағдайлар министрлігінің ақпарына сай, 50 елдімекен жолсыз қалған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстанның 5 облысында жағдай әлі де күрделі, қауіп сейілмей тұр. Әкімдіктер 20 жерде жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай жариялаған. Қарғын су қара топырақты ойып кетіп жатқанда, республикалық жолдардың біреуіне зақым келмеген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Үкімет отырысында бірнеше күннен бері жұртты әбігерге салған тасқын су мәселесі қаралды. Төтенше жағдайлар вице-министрі Бауыржан Сыздықов 15 мың 786 адамның көшірілгенін айтты. Оның 6 мың 187-сі балалар, зардап шеккендер жоқ. Шенеунік суға кеткен 2 адам туралы пікірін білдірді.

– Дұрыс түсінуіміз керек. Олар жолды қысқарту үшін тасып жатқан өзенге өздері түскен. Демек, судың ортасында қалып кеткен жоқ. Трактормен жолды қысқартамыз деп ойлаған, – деді ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі Бауыржан Сыздықов.

Төтенше жағдайлар вице-министрі елдегі су тасқынының алдын алуға бағытталған ақшаның қайда жұмсалғанын да түсіндірді. Сөзіне сенсек, бюджеттен қарастырылған қаражат әлеуметтік желіде тарап, сөз болған 7 миллиард теңге емес. Нақты бөлінген 3 миллиард теңгеден астам сома су тасқынымен күресуге жұмсалып жатқан көрінеді. Ел аумағындағы 4 көпірге зақым келсе, 55 автожол учаскесін су шайған. Көлік министрі Марат Қарабаев республикалық жолдар бүлінбеген деп отыр.

– Фактілердің көбі республикалық жолдарды жөндеу немесе реконструкция жүріп жатыр деп тіркеледі. Яғни, жолдар әлі де аяқталған жоқ. Бөлінген қаржының шеңберінде қайта қалпына келтіріледі. Қосымша қаражат қажет емес, – деді ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев.

Ал "Қазгидромет" басшылығы БҚО-ға Ресей аумағынан тасқынның екінші кезеңі келе жатқанын мәлімдеді. Мамандар Оралға үлкен көлемдегі су аптаның соңында жетеді деген болжап отыр.

– БҚО-да су тасқынының екінші кезеңі басталып келе жатыр. Өйткені Орал өзені алабының 80 пайызы Ресей ауқымында орналасқан. Ирикла су қоймасының толғаны байқалады, – деді «Қазгидромет» РМК бас директорының бірінші орынбасары Серік Сайыров. 

Қазір 5 өңірде 1 405 жеке үй, 372 аула аумағы, 99 саяжай және 10 ғимарат су астында қалып отыр. Төтенше жағдайлар министрлігінің ақпарына сай, 50 елдімекен жолсыз қалған. Олармен үнемі байланыстамыз деген жауаптылар азық-түлік, дәрі-дәрмек резервтерін дайындап, қажеттіні уақытылы жеткізіп жатыр.

Айта кетейік, 4 сәуірде Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқынынан зардап шеккен өңірге жұмыс сапарымен барады. Нақты қай өңір екені әлі белгісіз.

Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астана

Оқи отырыңыз: Тасқыннан зардап шеккен тұрғындардың шығыны толық өтеледі

Новости партнеров