Елімізде қай өңірде алкогольді сусындарды көп тұтынады

elements.envato.com
elements.envato.com
Ресми деректерге сүйенсек, 90 мыңға жуық адам есепте тұр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Соңғы уақытта елде ішімдікке тәуелді азаматтардың саны артып келеді. Ресми деректерге сүйенсек, алкогольдік өнімдерге әуестенген 90 мыңға жуық адам есепте тұр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Өзін Алмас деп таныстырған азамат студенттік шақтан бері ішімдіктің жетегінде жүрген. Спирттік сусындарды серік еткеніне 9 жыл болып, тек соңғы 4 айда ғана емделуге бел буған. Арақтың арбауында жүріп ер азамат үй-жайын, жиған-терген мүлігін, жақындарын, тіпті өмірлік жарын жоғалтқан. Күйзеліске бой алдырып, амалы қалмаған ол мамандардың көмегіне жүгінген.

– Ішімдікке құмарлығымның әсерінен жұмыстан шығарды. Тәуелділігі бар адамдарды түсінемін, оларға көмектескім келеді. Жұмысымнан, үйімнен, көлігімнен айырылдым, – деді қала тұрғыны Алмас.

Мамандардың сөзінше, қазір маскүнемдіктің өршіп тұрған маусымы. Себебі суық мезгілде спирттік сусындарға әуестеніп, шамадан тыс тұтанатындар дендеп кетеді. Бұл жекеменшік оңалту орталығына айына 15-20 адам жүгінеді. Оның шамамен 8-і ішімдіктен арылуға ниеттенеді. Алкогольге тәуелділік – өзектілігі күн санап артып келетін созылмалы мәселе.

- Басты мәселе – бұл тәуелділік қоғамға әбден сіңіп, тіпті еленбей қалған секілді. Оның үстіне, ішімдік қолжетімді болып тұр. Кез келген дүкенге кірсеңіз, арақ-шарапқа көзіңіз бірден түседі. Өзін ұстай алмай қалып, өміріне балта шабылғандар қаншама?! Біз науқастарды дәрі-дәрмек, қоспаларсыз, психологиялық кеңес беру арқылы емдейміз. Әр науқастың жағдайы ерекше, орташа есеппен алғанда 4 айдан бір жылға дейін оңалтудан өтеді, – деді оңалту орталығының меңгерушісі Сергей Абуладзе.

Дені сау адамның ішімдікке салынуына түрлі себеп түрткі болады. Сала мамандарының айтуынша, тәуелділік әдетте үлкен өмірге енді қадам басқан шақта басталып, тез асқынады. Мамандар «құлан таза айығудың жалғыз амалы - тәуелділікпен күресетін арнайы оңалту орталығына жүгіну" дейді. Науқастар болашақта жеке іс парағына «алкогольге тәуелді» белгісі енгізілетіндіктен емделуден бас тартады.

– 90 мыңға жуық адам ҚР бойынша тіркелген. Тәуелділікті емдеу бағытындағы көмек көрсету бағыты немесе программасы 3 кезеңнен өтеді. Барлық науқаста "егер де көмек сұрап наркологқа баратын болсам, дәрігерлер мені есепке қояды" деген сияқты қорқыныш бар. Ал наркологиялық есебі бар науқастарда жұмысқа тұру мәселесі туады. Ол кісілерді қабылдамайды, сондықтан бұл жағынан барлық консультация жүргізіледі. Ол кісілерге барынша анонимді түрде жүргізіледі, жария етілмейтініне кепілдік беріледі, – деді республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының психотерапевті Гүлнұр Атамбаева.

Былтыр елде сот үкімінің шешімімен 12 мың адамға ішімдік ішуге тыйым салынды. Статистикаға сәйкес, алкогольді сусындарды ең көп тұтынатын өңір – Солтүстік Қазақстан, Абай және Павлодар облыстары. Ал Алматы шаһары тізімнің соңына орналасқан. Ресми деректерге сәйкес, мегаполисте 517 адам есепте тұр.

Әйкерім Пернебек, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» облысы

Оқи отырыңыз: Қазақстанның дәрі-дәрмек нарығында қандай өзгеріс болады

Новости партнеров