|
13.07.2023 | 18:35
1792

Үйінді астында қалмаймыз ба: ақтөбеліктердің өміріне қауіп төніп тұр

Тозығы жеткен 5 баспана сүріледі

Үйінді астында қалмаймыз ба: ақтөбеліктердің өміріне қауіп төніп тұр Almaty.tv

Ақтөбе жұртын апатты үйдің жағдайы алаңдатып отыр. Құлаудың аз-ақ алдында тұрған ескі баспанада 50-ден астам отбасы тұрады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Екі қабатты бұл ескі үйді кезінде сол маңдағы түзету мекемесінің қызметкерлері үшін арнап салған. Кейін жекешелендіру арқылы баспана жұрттың жекеменшігіне өтіпті. Тозығы жеткен үйдің жыры біраздан бері айтылып келеді. Жұрт ұйықтап жатып «бір күні үйінді астында қаламыз ба?» деп қорқады. Үйдің іргетасы ыдырап, қабырғасы сөгілген.

– Бос уәдеден әбден шаршадық. Келініме осы үйдің кіріпші құлап, мүгедек болып қала жаздады. Қазір немерелеріммен бірге оны ауылға жібердім. Енді өзім ғана тұрып жатырмын. Биліктің бізге берем деген баспанасын күткенімізге 20 жыл болды, – деді қала тұрғыны Қания Ажғұлова.

«Апаттық жағдайдағы үйді біреудің сатып алуы екіталай» дейді ондағылар. Ал басқа жерден пәтер алып, көшіп кетуге қалта көтермейді. Әйтсе де бас амандығын ойлап, баспанасын бос тастап кеткендер көп. Бірақ барар жер, басар тауы жоқ кей тұрғындар әлі күнге дейін күйі кеткен үйді паналап отыр.  

– Өмірімізге қауіп төніп тұр. Жағдайымыз өте мүшкіл. Қайғылы жағдай болмаса екен деп күнде тілейміз. Біреу қаза тапса, ол үшін кім жауап береді? – деді қала тұрғыны Алтын Асқарова.

Шенеуніктер апатты үйді тезірек сүріп тастайтынын айтты.

– Алдымен құрылыс жұмыстарының кестесін құрып алу қажет. Бұл бірінші кезең, содан кейін тұрғындармен бірлесіп, компания жүргізетін жұмыстардың бәрін бақылап отыратын боламыз, – деді қала әкімінің орынбасары Жангелді Әубәкіров.

Үй саламын деген мердігерге қала іргесінен жер де бөлді. Алайда құрылыс басталған күйі тоқтап қалған. Тұрғындармен кездесуде инвестор кешірім сұрағаннан басқа мардымды ештеңе айтпады. Тек өзінің кінәсі жоқ екенін айтып ақталды.

– Бәріне тегін нәрсе қажет. Ал келісімге сәйкес, пәтерлердің аумағы 30 шаршы метрден кем болмауы тиіс. Қазір жобаны өзгертіп жатырмыз. Жыл соңына дейін бекітілуі тиіс. Сараптама үшін 2 ай мерзім керек. Қайта қазір әкімдік көмектесіп, құжаттарды әзірлеуді жеделдетіп жатырмыз, – деді құрылыс компаниясының директоры Сейітов Қайрат.

Қысқасы мәселенің бәрі құжатта болып шықты. Яғни жобаны пәтерлердің аумағын кеңейту үшін қайта әзірлеп жатыр екен. Бәрі ойдағыдай болса, Қызылжар ауылында салынып жатқан алғашқы үйді жыл аяғына дейін тапсырмақ.

Жобаға сәл өзгертулер енгізілді. Осы аптада бұл жұмыстарды толық аяқтаймыз. Содан кейін құрылыс-монтаж жұмыстарына кезек беріледі, – деді Тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Руслан Ажниязов.

Шенеуніктердің сөзіне сенсек, апатты үйлерде тұратын 58 отбасы жыл соңында жаңа пәтерлердің иесі атанбақ. Ал тозығы жеткен 5 баспананы сүріп тастайды.

Райгүл Еншібай, Жомарт Құдайбергенов, «Алматы» телеарнасы, Ақтөбе

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир