Елордалық тұрғындар көпқабатты үйдегі фитнес орталығына шағымданды

Almaty.tv
Almaty.tv
Тұрғындар желдеткіш құрылғының маза бермейтіні былай тұрсын, қолқаны қабатын жағымсыз иісі тағы бар дейді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Өзімізді үйде емес, жаттығу залында жүргендей сезінеміз». Елордадағы Қошқарбаев көшесінде орналасқан көпқабатты үйдің тұрғындары фитнес орталығына шағымданды. Олардың айтуынша, бірінші қабаттағы жаттығу залынан шығатын шу әбден мазаларын алып біткен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.


Елорда тұрғындарының үй астында орналасқан фитнес орталығына наразы болуының бірден-бір себебі де осы. Тұрғындардың айтуынша, желдеткіш құрылғының шуы күндіз-түні маза бермейтіні былай тұрсын, қолқаны қабатын жағымсыз иісі тағы бар. Жаттығу залы бұл құрылғыны заңсыз орнатқан көрінеді. Қала тұрғыны Еркін Шәкірұлының сөзінше, фитнес орталықтың құрылысы өткен жылдың жаз айында басталған. Содан бері тыныштық жоқ дейді.

«Балалармен сабақ оқу мүмкін емес. Кешкі сағат 19.00 шамасында басталады. Үйге жұмыстан келген кезде демалу деген жоқ. Ішіне кірдім де, «Сендерде дыбыс оқшаулағыш бар ма?» деп сұрап едім, орталықтың иесі - Жібек деген әйел «Ондай құрылғы орнатқан жоқпыз» деп мойындады», - деді қала тұрғыны Еркін Шәкірұлы.

Мүлік иелері бірлестігінің төрайымы Меруерт Нұржанқызы қаңтар айында фитнес орталықтан тиісті органдардың рұқсат қағазын сұратқан екен. Бір апта ішінде рұқсат қағаздарды көрсетеміз деп, әлі жауап қатпапты.

«СЭС-тен де құжат жоқ. Бір апта бұрын өзіміз барып, арыз қалдырдық. Сол арыз бойынша қазір Алматы ауданының СЭС-і жұмыс жасап жатыр. 2-3 күнде келіп, бұл кісілердің дыбыстың қаншалықты нормаға сай немесе сай емес екенін анықтауы тиіс», - деді Мүлік иелері бірлестігінің төрайымы Меруерт Нұржанқызы.

Аталмыш фитнес орталық 10 жылға дейін жұмыс жасауға ниетті көрінеді. Алайда тұрғындар бұған қарсы емес. Жаттығу орындары дами берсін, халықтың денені шынықтырып, салауатты өмір салтын ұстанғаны дұрыс-ақ дейді. Тек қарапайым халыққа зияны тимеуі керек екенін айтады. Жергілікті халықтың бар қояр талабы – шуды бәсеңдететін жабдық орнатылуы тиіс.

Ол аздай, фитнеске келген адамдар көліктерін қояды екен. Соның салдарынан тұрғын үй тұрғындары аулаға көлікпен кіріп, шыға алмайды. Бұл мәселені де фитнес орталық басшылығы ескермей отырған көрінеді.

Таңғы сағат 7.00-ден түнгі 23.00-ге дейін жұмыс істейтін фитнес залына күніне 70-ке жуық адам келеді. Ал орталықтың кеңесшісі бірінші кінәні өзінен емес, үйді салған құрылыс компаниясынан іздеді. Осы салада бірнеше жыл тәжірибесі бар Шыңғыс Дәнеке бұған дейін де осы секілді ұсақ-түйек мәселе кездескенін айтады. Тұрғындарға ыңғайсыздық тудырған жайттың қашан шешілетінін кесіп айтпады. Бірақ көптің арызы ескеріліп, тезірек шешуге тырысамыз деп уәдесін берді.

«Проблемаларын естідік. Мұндай проблема Астана, Алматы қалаларында болып тұрады. Бірақ басқа ғимараттармен салыстырғанда пәтердің құрылысы нашар екен. Біріншіден, төбесі өте биік. Қазір ұсақ-түйек проблемалар шығып жатыр. Шешіп беруге тырысамыз. Себебі ол мәселелердің шешілгені, тұрғындармен жақсы қарым-қатынаста болған бізге де өте маңызды», - деді фитнес орталықтың кеңесшісі Шыңғыс Дәнеке.

Ал тұрғындар «талаптарымыз орындалмай, жұмыс нәтижесіз болса, сотқа арыз жазамыз» деп бекініп отыр.

Қаламқас Нысанбай, Ринат Өтеев, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтаннан

Новости партнеров