Орташа жалақы мен жан басына шаққандағы табыс көлемі туралы ақпарат жалған беріледі. Ол туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты. Мемлекет басшысы қазіргі таңда 1 миллионға жуық адамның табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіне де жетпейтінін сынға алды. Сөйте тұра халықтың табысы ұдайы өсіп келеді деген ақпарат нағыз көзбояушылық деп баға берді. Сонымен қатар Президент әкімдердің жылына миллиондаған шаршы метр баспана салынады деген есебіне де күмән келтірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Президент халықтың әл-ауқатын арттыру тікелей табысына байланысты екенін атап өтті. Бұл ретте статистикалық мәліметтердің шындыққа жанаспайтынын сынға алды. Соңғы 5 жылда халықтың жалпы табысындағы еңбек кірісінің үлесі 80 пайыздан 67 пайызға дейін қысқарып кеткен. Ал әлеуметтік трансферттер 17-ден 29 пайызға дейін ұлғайған.
«Бұдан азаматтардың кірісі алатын жалақысына емес, бюджет шығысына тәуелді екенін байқауға болады. Бұл аз десеңіз, жұмыс берушілердің пайдасымен және нарықтағы бағаның көтерілуімен салыстырғанда еңбекақы әлдеқайда баяу өсуде. Соның салдарынан қарызға батқан азаматтар мен кедей адамдар көбейіп барады», - деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы баспана құрылысына қатысты статистикаға да күмән келтірді. Әкімдер жоғары нәтижеге қол жеткізу үшін ескі үйлер мен саяжайларды да есепке қосып жібереді деген ақпараттың барын айтты. Былтыр еліміз бойынша салынған 17 млн шаршы метр тұрғын үй туралы мәліметтің қаншалықты дұрыс екенін тексеру керек деді.
«Елімізде бірнеше құрылыс компаниясы ғана үстемдікке ие болып отыр. Коммерциялық нарық та, мемлекеттік тапсырыс саласы да солардың қолында. Шын мәнінде олар бұған әкімшілік ресурсты пайдалану арқылы қол жеткізуде. Үкіметке Бәсекелестік қорғау және дамыту агенттігімен бірге құрылыс нарығын монополиясыздандыру және бәсекені дамыту бойынша шаралар пакетін әзірлеуді тапсырамын. Тендерді ұтып алып, оны қосалқы мердігерлерге беретін, олар тағы басқа қосалқы мердігерлерге беретін компаниялардың атауы белгілі. Сондықтан оған тоқталмай-ақ қояйын», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы кедендегі былықты да назардан тыс қалдырмады. Қытайдың статистикасы мен біздегі көрсеткіштің айырмасы 5,7 млрд доллар болуы қордаланған мәселелердің барын көрсеткен. Бұл проблеманың шешімі бойынша Үкімет 10 күннің ішінде нақты әрі толық жауап беруі тиіс. Қасым-Жомарт Тоқаев «Самұрық-Қазына» басшылығына да он күннен кейін реформаларды іске асыру жоспарын талқылайтынын ескертті. Бұдан бөлек, өнеркәсіп саласына жауапты министрге индустрияландырудың барлық мәселесімен мұқият айналысуды жүктеді. Әсіресе қазақстандық автомобильдердің басым бөлігі елімізге дайын күйінде келетіні туралы ақпараттың қаншалықты шындыққа сай келетінін анықтау керек деді.
«Жұмыс тобы бұл мәселені қызу талқылап жатыр. Бірден айтайын, утиль алымы қайта қаралады, бірақ шектен шығуға жол бермеу керек. Автоөнеркәсіпті дамытуға жұмсалған ақшаны желге шашып, импорттық автоқоқыстардан өз нарығымызды ашуға болмайды. Утиль және тіркеу алымы - қара бастың қамы емес. Бастысы, автокөлік пен ауыл шаруашылығы техникаларының қолжетімділігін арттыру. Өндірушілер мен дистрибьютерлерден тиісті жауап күтеміз», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Үкімет отырысында ауыл шаруашылығы саласындағы субсидияға қатысты мәселелер талқыланды. Президенттің айтуынша, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдіктер сбусидияны таратып берумен ғана шектелген. Қаржының тиімді мақсатқа жұмсалуын да ешкім бақылауға алмаған. Субсидия түпкі иесіне жетпей, орта жолда талан-таражға түсуде. Мәселен, соңғы жылдары Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 960 қылмыстық істі тергеген. Соның 54 пайызы субсидияны жымқыруға қатысты болған. Тағы бір айта кетерлігі, Мемлекет басшысы АЭС салу мүмкіндігі туралы пайымын да жеткізді. Таза атом энергиясынсыз біз инвестициялар туралы айтпағанда, бүкіл экономикамызды жоғалтып аламыз, өңірлік көшбасшылығымызды жоғалтамыз деп баса айтты.
Асылбек Тойбек, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтаннан