Мәжіліс депутаты Нұрлан Дулатбеков мемлекет тарихына қатысы бар архивтер мен қорлар кешенді түрде зерттеліп, оларға терең талдау жүргізу керектігін атап өтті. Осы орайда ол бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Үкімет басшысының орынбасары Гүлшара Әбдіқалықованың атына депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«1997 жылдан бастап жыл сайын еліміздің тұрғындары Қазақстан аумағында және оның шегінен тыс жерде билік тарапынан қуғын-сүргінге ұшыраған барлық тұлғаларды еске алып келеді. Осы күні лагерьлерден қайтып оралмаған немесе аштан қайтыс болған туыстары мен жақындарын, тағдырдың айдауымен жер аудару кезеңінде қазақ жерінде болған миллиондаған адамдарды еске алу шаралары өтеді. Жапа шеккендерді өз Отанында қарсы алған қазақ халқы оларға қол ұшын беріп, қолдау көрсетті, тағдыр тәлкегіне қалдырмай, қиын-қыстау заманда аман қалуға көмектесті. Өкінішке қарай, көбіне қуғын-сүргін, жер аудару құрбандарының, лагерь тұтқындарының тағдыры туралы толық білу мүмкін емес. Қазіргі уақытта көптеген құжаттар ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің басқармаларында, ҚР ІІМ архивтерінде жатыр. Мемлекетіміздің тарихына қатысы бар архивтер мен қорлар кешенді түрде зерттеліп, оларға терең талдау жүргізілуі және осы зерттеу нәтижелері халықтың назарына жеткізілуі тиіс деп санаймыз», – деді депутат Нұрлан Дулатбеков.
Депутаттың айтуынша, 80 жылдан астам сақталған көптеген архивтік құжаттар қазірдің өзінде оқуға жарамсыз болып қалған. Себебі, сиямен жазылған жазбалар бірте-бірте өшіріліп, күңгірттенеді.
«Бізге ғалымдардың аталған құжаттарды белсенді түрде зерделеуіне рұқсат беру керек. Кейбір көршілес мемлекеттерде кеңестік кезеңнің архивтік материалдары мен құжаттары ашылды. Енді ғалымдар оларды белсенді түрде зерделей отырып, терең тұжырымдар мен қорытындылар жасауға мүмкіндік алып отыр. Өйткені, өткеннің тарихи тәжірибесін ескермей, жаңа қоғамды құру қиынға соғады. Сондықтан осы архивтік материалдарды талдау біз үшін өте маңызды. Сол жылдардағы қайғылы оқиғалардың толық көрінісін қалпына келтіру үшін бар күш-жігерді жұмсау қажет», – деді ол сондай-ақ.
Осы орайда жоғарыда айтылғандардың негізінде тиісті министрліктер мен мемлекеттік органдарға шаралар кешенін қабылдау керектігі аталып өтті.
«Бұл тұрғыда Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күнін өткізудің бірыңғай тұжырымдамасын әзірлеп, оны еліміздегі «Жастар жылымен» сабақтастыру қажет. Сонымен қоса, теледидар мен радиодағы бүкіл ойын-сауық контенті шектеліп, кез келген концерттік және өзге де іс-шаралар, көңіл көтеретін орындар белгілі бір нормамен жұмыс істеуі керек»,- деп түйіндеді сөзін депутат Н. Дулатбеков.