Жұмыс уақыты аяқталғанына қарамастан, аспазшы мен даяшылар да қызмет көрсетуін тоқтатпаған.
Қиын қыстауда Алматыдағы дәмханалардың бірі 200-ден астам адамға пана берген. Зілзаладан кейін үйін тастап, ашық алаңға жиналған жұртты жылы жерге орналастырып, ас-ауқатпен де қамтамасыз еткен, деп хабарлайды Almaty.tv.
Олардың бұл әрекеті көпті тәнті етті. Ал дәмхана қызметкерлері «атақ-абырой үшін емес, көмек беру үшін істедік» дейді. Аязды күнде көмек алғандардың арасында кішкентай балалар мен аяғы ауыр келіншектер, зейнеткерлер бар.
– Дәмхана 150-160 адамға арналған. Бірақ кеше келген адам саны 200-ге жетті. Үйге ешкім кірмеді. Жақын маңдағы саябақта тұрғандар осында кірді, – деді дәмхана қызметкері Жақан Оразгелдиева.
Дәмхана қызметкерлерінің айтуынша, «дүмпулер қайталанады» деп сескеніп, үйіне қайтудан бас тартқандар да болған. Жұмыс уақыты аяқталғанына қарамастан, аспазшы мен даяшылар да қызмет көрсетуін тоқтатпаған.
– Қызметкерлердің ешқайсысы үйіне қайтпады. Бәріміз бір кісідей жұмылып, жиналған көпшілікке тоқтаусыз қызмет көрсеттік. Бір қонағымыз, тіпті туған күнін атап өтті. Қиын кезде бір-бірімізге қарайласқан жөн деп ойлаймын, – деді дәмхана қызметкері Сакит Насибов.
Оқи отырыңыз: Еліміздегі сейсмология институтына қаржы бөлінеді