Ашынған жұрт бүгін жұмысқа шығуды жаппай тоқтатқан
«Қазпоштаның» Алматыдағы басшылығы қызметкерлеріне артық жұмыс жүктегені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Өйткені пошташылар «бір қызметкер бес адамның орнына жұмыс істейді, ал жалақымыз жан бағуға жетпейді» деп наразы. Ашынған жұрт бүгін жұмысқа шығуды жаппай тоқтатқан.
«Біз айтуға адамның аузы бармайтын жалақы аламыз. 110 мыңға жұмыс істейміз. Талап қоямыз. Біздің жалақымызды көбейтсін. Сыйақы берілсін», – деді №8 пошталық байланыс бөлімшесінің сұрыптаушысы Ақбота Есімсейітова
Бас ғимарат алдына жиылған «Қазпошта» қызметкерлерінің істейтін ісі алатын ақысына сай келмейді. Шектен тыс еңбек етуден әбден қажыған. Еңбек демалысына, денсаулық жағдайына байланысты төлемдер, сыйақы деген атымен жоқ. Бөлімше басшылары, операторлар, курьерлер, еден жуушы мен көлік жүргізушілері, бәрінің талабы бір.
«Операторлар жетіспейді. Біз оператордың да, замның да жұмысын істей береміз шынын айтсақ. Бұрын 70 мың, сосын 90 мың, қазір 110 мың болды. Не премия жоқ. Ештеңе жоқ. Кешке дейін кредит, қарыз. Тіпті жұмыс істегің келмейді, жылағың келеді», – деді №55 пошталық байланыс бөлімшесінің сұрыптаушысы Гүлшара Белгібаева.
«Қарда, жаңбырда жүреді. Сіз 95 мың ақшаға өмір сүре аласыз ба? Қымбатшылық, тариф өсіп жатыр. Неге біздің жалақымыз көтерілмейді? Біз біреуден кембіз бе? Біз де 250-300 мың алғымыз келеді. Өйткені, біз басшы да, орынбасар да, пошташы да, жеткізуші де боламыз», – деді №8 пошталық байланыс бөлімшесінің жетекшісі Гүлмира Шарабасова
Мәселен кассада отыратын бір оператор 5 адам үшін жұмыс істейді екен. Тіпті, еденді де өздері жуады.
«Айына біз 160 сағат жұмыс істеуіміз керек. Ал біз 206 сағат. Біз – құл емеспіз. Біз – адамбыз. Полды да өзіміз жуамыз. Клинингтік компания бізге ақшасын төлемейді. Қаңтар-ақпан айы үшін ақшаларын ала алмай жүргендер бар. Ал өзіміз таңертең сағат 07:30-да келіп, еден жуамын», – деді №22 пошталық байланыс бөлімшесінің жетекшісі Ләззат Нұрсейітова.
Жұмыс жүктемесінен бөлек, қызметкерлерге материалдық-техникалық жағдай жөнді жасалмаған. Хат таситын қаптар жетіспейді, тазалық жасауға керекті құралдар уақытылы берілмейді. Кейбір филиалдар жөндеуді қажет етеді.
«Қазпошта» бөлімшелерінің біріне келдік. Қазір мұндағы қызметкерлер жұмыс істеуді тоқтатып тастаған. Ешкімді қабылдап жатқан жоқ. Ал жұмыскерлердің отыратын жері тіпті көңіл көншітпейді. Шұрық тесік, қырық жамау еден, ал мына қабырғадан су кеткеніне бірнеше ай болыпты. Айналаны дымқыл тартып, көгерген иіс шығады. Ал компания басшылығының айтуынша, еңбек демалысына, денсаулық жағдайына берілетін төлемдер мен сыйақы жоқ деген шындыққа жанаспайды. Қызметкерлердің жартысы штатта, ал жартысы келісім-шартпен жұмыс істейді. Ал жалпы жалақы көлемін өсіруге мекеме асықпайтын сияқты.
«Шешіледі, бүгін-ертең деп айта алмаймын. Өйткені биыл біздің қаржылық жағдайымыз өте төмен. Табыс көзі өте төмен. Бірақ келесі жылға жоспарлап отырмыз. Қаңтар айына жалақыны көтеру мәселесі жоспарланып отыр», – деді «Қазпошта» ақ алматы филиалының директоры Алтын Садықова.
Жұмысшылардың жалақысы соңғы рет биыл ақпанда 7-25 пайыз көтеріліпті. Бірақ кадрдың жоқтығы, шаруаның көптігі сонша одан қайран болмаған секілді. Сондықтан Еңбек инспекциясы компанияға тексеріс жүргізбек. Егер олқылықтар анықталса, әкімшілік жауапкершілікке тартылып, тиісті айыппұл салынады. Жалпы Алматы «Қазпоштасының» штатында 875 адам еңбек етеді. Келісім-шартпен істейтін 143 қызметкер бар.
Назкен Еркін, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы