Әлеуметтік төлемдерді кез келген Халыққа қызмет көрсету орталығынан рәсімдеуге болады. 2021 жылдың үшінші тоқсанында әлеуметтік төлемдердің үш түрін ресімдеу үшін мемлекеттік қызметтер көрсетудің экстерриториалды қағидаты енгізіледі, деп хабарлайды Almaty.tv
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы төрағасының орынбасары Біржан Жүнісов айтты.
«Қазіргі таңда біздің алдымызға қойып отырған басты мақсат. Мемлекет тарапынан берілетін әлеуметтік төлемдерді тағайындау кезінде төлеу кезінде оның бәрін барынша проактивті форматқа ауыстыру мәселесі болып отыр. Бүгінгі таңда әлеуметтік саладағы 11 мемлекеттік қызмет түрі проактивті форматқа аударылған. Ондағы негізгі басты шарт біздің азаматтар мобильді азаматтар базасында тіркеуде болу керек», – деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы төрағасының орынбасары Біржан Жүнісов.
Сонымен қатар, қазақстандықтар көліктерін мамандандырылған Халыққа қызмет көрсет орталығында сақтандыра алады. Көлікті қайта тіркеуді ресімдей отырып, клиент сол жерде сақтандыру полисін сатып алады. Енді басқа қызмет көрсету терезелеріне кезекке тұрудың немесе «делдалдардан» сақтандыру полисін ресімдеудің қажеті болмайды.
«Егер пилоттық жоба сәтті іске асырылатын болса, біз еліміздің басқа мамандандырылған ХҚО-ларында да сақтандыру қызметін енгіземіз», – деді «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Сүйеніш Әбділдин.