Алматыда көпбалалы отбасылардың жағдайы тексеріліп жатыр

23.07.2019 00:07

Қалада жыл басынан бері 8 мыңнан аса адам атаулы әлеуметтік көмек алыпты

Управление социального благосостояния мегаполиса

Алматыда атаулы әлеуметтік көмекке ие болған көпбалалы аналар мен тұрмысы нашар отбасылардың жағдайы жаппай тексеріліп жатыр. Арнайы құрылған комиссия Медеу ауданындағы екі үйге бас сұғып, тағайындалған кешенді көмектің дұрыс-бұрыстығын қайта қарады. Ал бір үйдің жағдайын көрген олар қаражат бөлуді тоқтату туралы шешімді шұғыл түрде шығарды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Арнайы комиссия жұмыс күнін Медеу ауданына қарасты «Думан» ықшамауданындағы үйлерден бастады. Олар тағайындалған кешенді көмектің дұрыстығын тексеруге ниетті. Ал оларды сәби көтерген көпбалалы ана қарсы алды. Келіншектің айтуынша, бұл үйде күйеуі, ата-енесі, қайнысы мен қайын әпкесінің бала-шағасымен бірге тұрады. Атаулы әлеуметтік көмекке өзі өтініш білдірген. Көпбалалы ана бес баласы үшін 105 мың теңгесін бөліп алатынын айтты.

«Жалпы, атаулы көмек ретінде 270 мың теңге аламын. Бірақ оның бәрі менің ақшам емес. Қайын апам мен келінімнің үш-үш балалары бар, бір үйде 18 адам тұрғаннан кейін олардың барлығының ақшасы маған жасаған. Әйтпесе, мен өзімнің бес балама аламын», – деді келіншек.

Өтінішті қабылдап алған күннен кейін отбасының тұрып жатқан үйіне комиссия келіп кеткен. Араға уақыт салып, көпбалалы жанұяның баспанасына екінші рет бас сұққан олар қайын апасының үй алдындағы кішігірім азық-түлік дүкенінің барын көрген. Тексере келе оның жеке кәсіпкер ретінде тіркелгені анықталған. Сондай-ақ, келіншектің атасының атында көліктің бары да комиссияны күмәндандырды. Сондықтан, комиссия кешенді көмекті тоқтату туралы шешім шығармақ.

«Отбасының жағдайын көрдік. Бұл кісілердің есігінің алдында дүкендері бар. Азық-түлік сатады. Одан соң екі көліктері бар екен. Яғни, бұл кісілер адам тасыса да, күнін көре алады. Сондықтан біз  комиссиямен ақылдасып, шешім шығарамыз», – деді Алматы қаласы Медеу ауданы әкімінің орынбасары Айдос НҰРЛЫБАЕВ.

«Қазір кімде көлік жоқ? Пәтерде отырған адамдарда да көлік бар ғой. 15 жасымнан бастап, осы уақытқа дейін 55 жыл жұмыс істедім. Сонда мен бір көлік міне алмаймын ба? Келіннің баласы бар. Дұрыс па? Жоқ емес. Осында тіркеуде тұр. Қайда кетеді енді?», – деді зейнеткер Оңдасын КЕНЖЕБАЕВ.

Одан соң Медеу ауданы әкімінің орынбасары бастаған комиссия тағы бір көпбалалы үйге барды. Олар бірден келіншектен отағасының табысы, тұрмыс жағдайы жайлы егжей-тегжейлі сұрады. Кейін өтініш берушіден соңғы алты айдағы табысын әкелуді сұрады.

Жалпы қалада жыл басынан бері 8 мыңнан аса адам атаулы әлеуметтік көмек алыпты. Оның ішінде 6 мыңға жуығы шартты түрде алған. Яғни, отбасы мүшелерінің кем дегенде біреуінің жұмысқа тұруға денсаулығы жарамды деген сөз. Десе де, олардың дені жалақысы аз деп, жұмыспен қамту орталығы ұсынған орындарда еңбек етуге құлықсыз. Оған қоса, кешенді қаржылай көмекке жеке куәлік арқылы қабылдау әділетті жұмыс істеуге кедергі дейді мамандар. Себебі, олардың қолында салық департаментінің базасы жоқ. Сондықтан, кімнің нақты қанша табыс табатынан бейхабар.

«Қазір халық арасында атаулы әлеуметтік көмек туралы қате пікір қалыптасқан. Бұл – уақытша көмек. Мемлекет қиын жағдайда қалған отбасының жағдайын жақсарту үшін қол ұшын созып жатыр. Олар жыл сайын тиісті құжат өткізіп, атаулы көмекті рәсімдеп аламыз да, жұмыс істемей жүре береміз деп ойлайды. Көмек алушылардың жұмыс істеуге қабілетті болса, аяқтан тұрып кетуіне өз шамасы жетеді. Біз тек уақытша жәрдемшіміз. Алған қаражатқа жауапкершілікпен қарау керек», – дейді Алматы қалалық халықты жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Диляра ИМАНҚҰЛОВА.

Мамандарды кейбір отбасылардың табысын жасырып, небір қитұрқы әрекеттерге баратыны қынжылтады. Себебі, көмек шын мұқтаждарға көрсетілсе екен дейді олар. Сондықтан, алдағы тамыз айы бойы барлық атаулы әлеуметтік көмек алғандардың тұрмыс жағдайы тексеріледі. Егер құрылған комиссия кешенді көмек тағайындалған кезде олқылық тапса, бірден қаражат беруді тоқтатады. Ал мамандар жауапқа тартылады.  

Жадыра Омаржан, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы