|
14.04.2023 | 18:38
5336

Шымкентте ер адам жүкті әйелін ұрып, көшеде қалдырып кеткен

Ал анасы қызының мұндай қорлық көріп жүргенін білмеген

Шымкентте ер адам жүкті әйелін ұрып, көшеде қалдырып кеткен Almaty.tv

Шымкентте ер адам жүкті әйелін ұрып-соғып, көшеде қалдырып кеткен. Тұрмыстық зорлық көрдім деген жәбірленуші осылай деп шағымданып, полицияға арыз түсірді. 18 жастағы келіншектің сөзінше, жолдасы оны бір жыл бойы ұрып-соғып келген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жарымен бір жыл көлемінде некеде тұрып келген 18 жастағы келіншек алғашында бәрі жақсы болғанын айтады. Ұрыс-керіссіз, тату тәтті өмір сүрген. Кейін күйеуі түрлі себеппен ұра бастапты. Соққы салдарынан іштегі баласын да түсіріп алған. Соңғы рет ұрып-соғып, көшеде қалдырып кеткеннен кейін үйіне қайта оралмаймын деп шешіпті.

«Бөлмемде 1-2 киіммен бірге көрпеше бар еді, соны көріп «неге жатыр?» деп  ұрды. Одан кейін сыртқа алып шықты. Сырттан құмалақ жинатып, жегізбекші болды. Машинасына қарай сүйреп апарды. Қол-аяғымды байлаймын деп, көлікті тоқтатты. Көліктен түсе бергенімде бірден көлікті айдап кетіп, мен де сүйретіліп біраз жерге бардым. Ішпен құладым, қол-аяғымның бәрі жара болды», – деді жәбірленуші.

Ал анасы қызының мұндай қорлық көріп жүргенін білмеген. Кейде одан хабар да ала алмай қалатын көрінеді. Өйткені күйеу баласы қызын төркінімен араластырғысы келмейді екен. Анасы мұндай сұмдық жайтты тек туған баласының соққыға жығылып, көшеде қалғанынан кейін біліпті.

«Ұрып-соғып жатқаны туралы дым білген жоқпын, маған да айтқан жоқ. Қызымның таяқ жеп жүргенін кеше үйге келгенде білдім. Түсік тастағанын да айтпады. Менің қызым қалай таяқ жеп, жыласа, күйеу бала да дәл солай жазасын алсын», – деді жәбірленушінің анасы Алуа.

Келіншектің күйеуі өзіне тағылған айыпты жоққа шығарды. Оның айтуынша, әйеліне саусағының ұшын да тигізбеген.

«Ұрған жоқпын. Ол арыз жазды ғой. Егер ұрсам полиция да шара қолданар еді. Ол үйден бір-бірімізді түсіне алмағандықтан кетті», – деді жәбірленушінің күйеуі Мансұр Алтын.

Жолдасынан зәбір көрген әйел далада қалған соң, полицияға жүгінген. Бұл жағдай қалалық Полиция департаментінің қорғау нұсқамасына алыныпты. Қазір қажетті сараптама тағайындалған.

«27.03.2023 жылы Шымкент қаласы Самал 3 ықшамауданының тұрғыны күйеуі ұрғаны туралы арыз жазған. Аталған факт бойынша Шымкент ҚПД қарасы Абай АПБ УПИ полиция қызметкері мен қорғау нұсқамасына алынды, сараптама тағайындалды. Сараптама қорытындысы шыққаннан кейін, нақты шешім қабылданады», – деді Полиция департаменті Абай аудандық полиция басқармасы ЖПҚБ аға учаскелік инспекторы Бауыржан Қоштаев.

Жәбірленуші бұл жағдайдың болғанына бірнеше күн өтсе де, күйеуінің кешірім сұрап келмегенін айтады. Тіпті, хабарласпапты да. Енді ол құзырлы органдардан істің ескерусіз қалмауын сұрап отыр.

Гүлдана Дәурен, Абзал Тұрабеков, «Алматы» телеарасы, Шымкент

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир