Елімізде арқарлардың әуе санағы сәуір, мамыр айында жүргізіледі
Елімізде арқар саны артып жатыр. Мемлекеттік инспекторлар биылғы алғашқы есепті Түркістан облысында сәтті аяқтады. Ендігі кезек Қарағанды өңірінде. Түз тағысының санын білу үшін мамандар 10 күнге жуық тікұшақпен барлау жасайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Әуеден жүргізілетін арқар санағы қазір Қарқаралы тауларында өтіп жатыр. Ең биік жоталарды тікұшақпен тексерген мемлекеттік инспекторлар «ашатұяқтылардың санын төлдемей тұрып анықтап алған жөн» дейді. Бортта отырып әр арқарды тіркеуге алатын мамандар соңғы жылдары иірмүйізділердің 15-20 пайызға көбейгенін байқапты. Ал осыдан 2 жыл бұрын Қарқаралы тауларын мекен еткен жануардың саны 2800-ге жеткен.
– Арқарды барынша қорғауымыз керек. Оның екі жауы бар. Бірі – адам. Біреуі – қасқыр, ит-құс. Қорғап, санын көбейтуіміз керек. Санақтың алғашқы күні 300-ден астам арқар тіркелді. Тау жоталарында бар, әлі есептейміз, – деді «Охотзоопром ӨБ» РМҚК мемлекеттік инспекторы Фархат Нұрлыханұлы.
Санақ жүргізетін мамандар күніне 9 сағат әуеден тау-тасты аралап, қырда жүрген аша тұяқтыларды қалт жібермеуге тырысады. «Жота мен шоқылардың сәніне айналған мүйізді жануар өте сақ болғандықтан, оған жақындау мүмкін емес» дейді инспектор. Біз де ара-тұра тікұшақ дауысынан үркіп, қашқанын көрдік. Құлжасын дене бітімінің, иір мүйізінің үлкендігінен байқауға болады. Ал арқардың жасын мүйізіндегі сақиналарының санымен анықтай аласыз.
– Биыл 20 наурызынан бастап Түркістан, Жамбыл, Қарағанды мен Павлодар, Абай ШҚ және Жетісу облыстары аумағында арқарды көктемгі әуе санақ-мониторинг шаралары өтуде. Қарағанды облысына 50 сағат, Павлодар облысына 15 сағат бөлінді. Санақтың өтуі ауа райына байланысты болады, – деді «Охотзоопром ӨБ» РМҚК бөлім маманы Алмас Дәулетбаев
Елімізде арқарлардың әуе санағы сәуір, мамыр айларында жүргізіледі. Егер санақ Қарағанды өңірінде 4-5 күнде сәтті аяқталса, келесі кезек Жамбыл мен Абай облыстарында жүргізіледі.
Айта кетейік, Қызыл кітапқа енген түз тағысын атқан адам 5 миллионнан 16 миллион теңгеге дейін айыппұл арқалайды. Арқарға қару кезенген қылмыс үшін тіпті бас бостандығынан айыру жазасы да қарастырылған.
Мақсат Бейсенаев, «Алматы» телеарнасы, Қарағанды облысы
Оқи отырыңыз: TURAQTY JOL: Ұлттық әлеуметтік науқаны іске қосылды