Төтенше жағдай кезінде қарттарға деген қамқорлық артып келеді. Елбасы бастамасымен қолға алынған #Bizbirgemiz акциясы аясында еріктілер Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен жасы сексеннен асқан қарттарға тегін тамақ таратты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жеңіс күні мерекесіне орай ұйымдасттырушылар соғыста аянбай жауға қарсы тұрған жандарға арнап әннен шашу шашып, ерекше дайындалған тағам ұсынды.
Осы жылдың 27 наурызынан бастап жасы сексеннен асқан қарттарға тұрақты түрде тегін тамақ жеткізіліп келеді. Бұл істің жүзеге асуына Алматы қалалық «Nur Otan» партиясының филиалы, шаһар әкімдігі мен Nomad MMA федерациясы мұрындық болған.
«Осы Елбасының құрған «Біз біргеміз» деген акциясына орай біз 1000-ға жуық үйге көмек жасап жатырмыз. Ыстық тамақ пен естелік ретінде сыйлық жасағымыз келіп отыр», – деді ұйымдастырушы Олжас МҰХАМЕТЖАНОВ.
Таратылатын сөмкелердің ішінде түскі ас пен ардагерлердің аты-жөні жазылған ыдыс бар. Ерекше сыйлық алғаш болып Ұлы Отан соғысына қатысушыларға жеткізілді. Ұйымдастырушылар әннен шашу шашып, қарттардың ақ батасын алды.
«Карантин кезінде бізді назардан тыс қалдырмады. Қазір міне түскі ас әкелді. Күн сайын әкелді. Бұған қалай алғыс айтпайсың?! «Нұр Отан» партиясына алғыс айтамын», – деді Ұлы Отан соғысының ардагері Владимир БЕЛОЗЕРОВ.
#Biz birgemiz! акциясы басталғалы Алматы қаласы бойынша мыңнан астам адамға көмек көрсетіліп, 32 мыңдай ыстық тамақ үлестіріліпті. Жеңіс күніне орай еріктілер жасы сексеннен асқан мыңнан астам қарттарды құттықтамақ. Олардың арасында Ұлы отан соғысының 46 ардагері бар.
Қуан Нұрақын, Рашид Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы