Сот судъяларының арасында сауатты жаза алмайтындары бар. Бүгін Мәжілісте сөз сөйлеген Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асанов осылай деді. Төраға депутаттарға фемида өкілдерінің жауапты жұмысқа неліктен дайын еместігін де түсіндіріп берді. Сондай-ақ, ол судьяларға қойылатын жаңа талаптар жайында баяндады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Мәжілістің жалпы отырысында судьяларға қойылатын талапты күшейтуді көздейтін заң жобасы таныстырылды. Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асанов судъяларды қызметке алу ережесін күшейтсек те, отандық фемидада сауатсыз мамандар әлі бар дейді. Мәселен, 2017 жылға дейін жыл сайын судъялық қызметке 150 адам тұрақты қабылданып келсе, өткен жылы үміткерлердің арасынан тек 29-ы алынған. Көбісі психологиялық әрі компьютерлік тестілеуден, эссе жазудан, ситуациялық тапсырманы орындаудан өте алмаған. Асановтың айтуынша, білім ордалары сауатсыз мамандар даярлайды.
«Үміткер заңды білумен қатар, сауатты жаза білуі де тиіс. Бүгін көп актінің проблемасы көп судьяның сауатты жаза алмауынан туындап отыр. Ондай судьялар бар. Оларды жұмысқа қабылдағанда ешкім сауаттылыққа тексермеген. Жалпы, университетте студенттерді жазуға үйретпейді», - дейді ҚР Жоғарғы сот төрағасы Жақып АСАНОВ.
Ол сондай-ақ, сот төрағаларының қызмет уақытын қысқартуды ұсынды. Бүгінде бұл жұмысқа 35 жастан бастап кірісетіндер 65 жасқа дейін отырады. Еліміздің бас судьясы бұл сенімді іске әрбір маман тек екі рет тағайындалуы қажет дейді. Өзгерістер облыстық сот алқаларының басшыларына да қатысты болмақ.
Сот жүйесін жаңғыртуға арналған заң жобасын Мәжіліс депутаттары мақұлдады. Бұдан бөлек, жиында «Ақжол» фракциясының жетекшісі Азат Перуашев Премьер-министрге суал жолдап, «Қазақ Республикасы» деген атауды ресми енгізуді ұсынды. Айта кетейік, осыдан 5 жыл бұрын Елбасы да ел атауын өзгерту мәселесін көтерген еді.
«Біздің ойымызша, Елбасы ұсынысын іске асыратын кез келді. Қараны – қара, ақты – ақ, қазақты – қазақ деп атауымыз керек. Тіпті тоталитарлық кеңес өкіметі мойындаған Қазақ атын республикамызға қайтару – тек тарихи әділетті құрметтеу ғана емес, сонымен қатар, барша көпұлтты отандастарымыздың бірлігі мен ынтымағын одан әрі нығайтуға серпін беретініне сенімдіміз», - деді Мәжіліс депутаты Азат ПЕРУАШЕВ.
Сонымен қатар, депутат Жамбыл Ахметбеков браконьерлер қолынан қаза тапқан инспектор Ерлан Нұрғалиевке «Халық қаһарманы» атағын, ал оның серігі Петр Ницыкке мемлекеттік сыйлық беруді ұсынды. Нұртай Сәбильянов болса Қарулы күштердің қатарында әскери күнтізбелік еңбек өтілі 10 жылдан асып, 20 жылға жетпеген әскери зейнеткерлердің тұрғын үй мәселесін шешуді сұрады. Халық қалаулысы әсіресе бұл мәселе өңірлерде өте өзекті екенін айтты.
Нұржан Сәдірбай, «Алматы» телеарнасы