Екі жыл елдің еңбегін пайдаланып, жалақысын беруге жарамаған алматылық компанияның басы дауға қалды. Айлап ақысын ала алмағандар мердігер мекеменің есігін күнде күзетумен әлек. Құрылыс компаниясында жұмыс істегендер Кеген мен Нарынқол ауданындағы маңызды тас жолға жөндеу жасапты. Алайда, жұмысшылардың маңдай термен тапқан ақшасын беруге асығар емес. Олардың небәрі 20 жұмысшыға қарызы тіпті, 7 миллион теңгеге жуықтаған. Ал ашынған халық өздерін зар илетіп алдап, қолдарына көк тиын тигізбей отырған компания өкілдерін біраздан бері ұстай алмай жүр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Екі жылдан бері жалақысын ала алмай, Алматы мен Кеген ауданының арасында сандалып жүрген жұмысшылар өздерін зар илеткен компанияға кеңсесіне бүгін тағы келді. Бірақ мұндағылар ескі әдетіне басып, есіктерін іштерінен жауып алған күйі төбе көрсетпеді. Адал еңбегінің өтеуін талап еткендер Кеген мен Нарынқол ауданындағы маңызды тас жолға жөндеу жұмыстарын істеген. Мердігерлер бастапқыда оларға әр айдың онынан қалдырмай, жалақысын қолдарына ұстатуға уәде етіпті. Тіпті, тиісті келісімшартқа отырған. Ал жеме-жемге келгенде жұмысшыларды қажетінше пайдаланып, ақысын төлерде «ақымақ» қылған.
«Жалақым 60 мың теңге. Әр айдың онында «береміз» деп уәде берген. Аванс ретінде 10-15 мың береді, толығымен бермейді. Міне, ақшамды ала алмай жүргеніме бір жыл болды. Балдызым, келіншегім үшеуіміз бір жерде істедік, 600 мың теңгедей үшеуімізге қарыз», – дейді Сұлтан ҚАЛМАҚБАЕВ.
«Не зейнетақы салығын төлеген жоқ, не жалақымызды уақытында төлеген жоқ. Тентіреп жүргенімізге 2 айдан асып кетті. Осы жерге күнде келеміз, әне-міне деп шығарып салады. «Қашан бересіздер?» десек, «сейсенбі, бейсенді, жұма береміз» дейді. Ол күндерді күтеміз де, қайтадан ауылдан, Нарынқолдан сандалып келеміз», – дейді Есім ӘКІМЖАНОВ.
«Желтоқсанның соңында біз осы жерге келдік. Қолдарыңнан келгенді істеп алыңдар, сендер сотқа берген күннің өзінде де, біз сендерге еңбекақы төлемейміз. Ертең шоттарыңның барлығын жоққа шығарып жібереміз, қолдарыңнан келгендерін істеп алыңдар деп тұр олар», – дейді еңбекақысын ала алмай жүрген тағы бір жұмысшы Зәуре ДИХАНБАЕВА.
Қара жұмысты талғамай жасап, екі жылдан бері қолдарына көк тиын тимегендердің саны 50-ден асады. Бірақ көпшілігі Алматыға келіп жалақысын даулау үшін тіпті жолға қаражат таппай отыр екен. Мұны ашынған жұрт ашық мәлімдеді. Сөздерінше, құрылыс компаниясы жұмысшылардың алдына 200 мың теңге қарыз болса, кейбіріне 600 мың теңгеге дейін берешегі бар. Жұмыссыз сенделген халықтың көмек сұрап бармаған жері жоқ. Олар мердігерлерді сотқа да беріпті.
«Global construction ЖШС-інде инженер-механик болып істедім. 2017 жылғы тамыз айынан бастап. Соңғы 2 айдың жалақысын бермеді. Машинамның 4 айғы арендасын да төлемеді. Барлығы 600 мыңдай теңге төлемей отыр. Бостандық ауданына сотқа да бердім. Соттың шешімі де бар, сот орындаушысына да бердім. Сот орындаушысы шоттарын арестке қойды, ол шотты қарасақ, нөл теңге болып тұр», – деді Эдик ҚАЛИЕВ.
Жұмысшыларды жалақыдан қағып, зар илеткен басшылардың бұл әрекетінен Алматының Еңбек инспекциясы да хабардар. Мекемеге мердігерлердің үстінен еңбекақысын ала алмаған 20 адам арызданыпты. Мамандар қарапайым халықты қажетінше пайдаланғандарды бірнеше рет тексеріп, заңсыз әрекеті үшін 1,5 млн теңге айыппұл арқалатқан. Десе де, жауапсыз компания өкілдері бұған пысқырып та қарамаған.
«1,5 млн теңгеге жетіп тіреледі және ол айыппұлдар өкіншке қарай, жұмыс беруші тарапынан төленген жоқ. Төлеген жоқ мемлекетке. Қазіргі күнде жұмыс беруші тарапынан еңбекақы қарыздары да өтелмеді. Қазіргі таңда жұмыс берушінің барлығы 20 азаматтың алдында 6 млн 730 мың теңгедей еңбекақы қарызы бар», – деді Алматы қаласы Еңбек инспекциясы және көші-қон басқармасы басшысының орынбасары Алмат ҚАЛДЫБАЕВ.
Жұмыс берушінің құрғақ уәдесінен әбден шаршаса да, жалақысын даулаған жұрт бұл мәселені аяқсыз қалдырмауға бекініп отыр. Олардың ендігі соңғы үміті – сот шешімінің орындалуы болып отыр.
Айдана Мейрамбайқызы, Қанат Кигізбаев, «Алматы телеарнасы»