|
22.01.2019 | 19:56
10404

Алматылықтардың коммуналдық қызметтер үшін артық төлеген 4,5 млрд теңгесі қайтарылып жатыр

Алматылықтардың коммуналдық қызметтер үшін артық төлеген 4,5 млрд теңгесі қайтарылып жатыр

Алматылықтар төмендетілген коммуналдық қызмет тарифі бойынша түбіртекті ақпан айынан бастап алады. Осы жылы 1 қаңтардан бастап қалада газдың бағасы 12 пайызға, су бағасы – 10, жылу – 18, жеделсатыларды ұстау шығыны 8,5 пайызға төмендетілді. Сонымен қатар, мұндай жұмыстар электр энергиясы тарифін арзандату бағытында да қолға алынған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Суық су мен кәріз жүйесінің ғана тарифі ең тұрақтысы. Оның бағасы 2014 жылдан бері өзгермеген. Осы жылдың қаңтарынан бастап бұл қызмет түрінің құны 10 пайызға төмендеді. Бұған дейін 1 текше метр суға алматылықтар 55 теңге 56 тиын төлесе, енді ол 50 теңге 1 тиынды құрап отыр. Ал кәріз жүйесін пайдаланғаны үшін тұрғындар 1 текше метріне 28 теңге 80 тиын берсе, енді 25 теңге 92 тиынға түсті.

«Бізде тұрғындар төлемді екі шартпен төлейді. Біріншісі – үйінде арнайы есептеуіш құралы жоқ тұрғындар қаңтар айынан бастап жаңа тарифпен төлеп жатыр. Яғни, олар пайдаланатын судың көлемі қаңтар айының түбіртегінде көрсетілген. Есептеуіш құралдарын орнатқан тұрғындар осы соңғы түбіртекте желтоқсан айында пайдаланған су көлемі үшін төлеп жатыр. Яғни, олардың пайдаланған суының көлемі ескі тарифпен есептелген», – деді «Алматы Су» МКМ ресми өкілі Серік ШӘГІРОВ.

Алматыда судан бөлек, көгілдір отын құны 12 пайызға төмендетілді. Бұған дейін газдың 1 текше метріне 33 теңге 46 тиын төленсе, биылдан бастап 29 теңге 36 тиынға арзандады. Ал заңды тұлғаларға 30 теңге 34 тиынмен есептеледі.

«Газдың төмендеуі көтерме бағаның 18 пайызға түсуіне және газды тасымалдау тарифінің 18 пайызға түсуіне байланысты, бізге осындай әсері болып отыр», – дейді «Қазтрансгаз Аймақ» АҚ Алматы өндірістік филиалының директоры Бақтияр ІЗБАСАРОВ.

Қала тұрғындарын қуантқан тағы бір мәселе – электр қуаты құнының 3 пайызға азаюы. Яғни, Жаңа жылдан бастап электр қуатының 1 киловаты 15 теңге 9 тиын болған.

«АлматыЭнергоСбыт» компаниясы жұмысының 98 пайызы электр энергиясын сатып алу және оны табыстауды құрайды. Тарифтегі кез келген өзгеріс, өндіруші компания бағасындағы өзгеріс немесе электр қуатын жеткізудегі өзгерістің барлығы тұтынушыға көрсетілетін бағаға әсер етеді. Қазіргі жағдайда да солай. Яғни, энергия өндіруші және энергия жеткізуші тарифті төмендеткендіктен, тұтынушыға жіберілетін баға да арзандады», – деді «АлматыЭнергоСбыт» ЖШС бас директорының орынбасары Ольга АНТОНОВА.

Алып шаһарда жылу ақысы да 18 пайызға төмендетілді. Бұған дейін 283 теңге 98 тиынды құраса, енді 233 теңге 56 тиынға түсті.

«Қазан айында жылу бағасы төмендеу шығады. Өйткені, ауа температурасы қаңтар және ақпан айларымен салыстырғанда ондай суық болмайды. Сәйкесінше, бұл бағаға да әсер етеді. Одан бөлек, жалпы тұрғын үйге арналған есептеуіш құралы бар тұрғындар үшін де құны аз шығады. Сондай-ақ жеке есептеуіш құрылғылары барлар да аз төлейді», – деді «Алматы Жылу жүйесі» ЖШС коммерциялық директоры Эльмира БАЙЧИГАСОВА.

Алматыда тұрғындардың коммуналдық қызмет тарифтеріне төлеген артық 4 миллиард 500 мың теңгесі қайтарылып жатыр. Атап өтер болсақ, «АлматыЭнергосбыт» 1 миллиард 400 мың теңге, ал «Алатау жарық компаниясы» 2 миллиард 100 мың теңге, «ҚазТрансГаз Аймақ» 500 миллион теңге, ал «Алматы Су» компаниясы 326 миллион теңге қайтаруға міндеттелген.


Перизат Көмекбайқызы, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир