Әлихан Смайылов Үкімет мүшелеріне бірқатар тапсырма берді

Фото: primeminister.kz
Фото: primeminister.kz
Ұлттық экономика министрлігі мен Ұлттық банкке дағдарысқа қарсы жоспарды 25 наурызға дейін енгізу міндеттелді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жаңа облыстардың құрылуы тұрғындардың проблемаларын жедел шешуге мүмкіндік береді. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов айтты. Сонымен қатар Үкімет басшысы Ұлттық экономика министрлігі мен Ұлттық банкке дағдарысқа қарсы жоспарды 25 наурызға дейін енгізуді тапсырды. Одан бөлек, ауыл шаруашылығы өндірушілеріне субсидия беру жұмыстарын жариялап отыру қажеттігі сөз болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.   

Премьер-министр Әлихан Смайылов енді Үкіметтің алдында Мемлекет басшысының тапсырмасын нәтижелі іске асыру міндеті тұр деді. Бұл үшін өңірлерді қаржыландыру тәртібін қайта қарау қажеттігі туындайды. Одан бөлек, мал азығының тапшылығына жол бермеу мәселесі де талқыланды.

«Қазіргі болжам бойынша кейбір өңірлерде жауын-шашын аз болуы мүмкін. Сондықтан да қажетті шешімдер қабылданды. Сумен қамтамасыз ету мәселесін ерекше бақылауда ұстау қажет. Біз былтырғыдай мал азығының тапшылығына жол бермеуіміз керек. Биыл әкімдіктерге жем-шөп егіс алқаптарын ұлғайтуды тапсырамын», - деді ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов.

Сонымен қатар Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Украинадағы жағдайдың экономикаға ықпал ету сценарилері әзірленетенін жеткізді. Оның айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында дағдарысқа қарсы бағдарламаны іске асыру басталған.

«Украинада болып жатқан оқиғалар аясында әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру мақсатында мемлекеттік органдардың, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының, бизнес және сарапшылар қауымдастығы өкілдерінің қатысуымен Дағдарысқа қарсы шаралар жөніндегі жедел штабтың жұмысы жолға қойылды. Жедел штабтың аясында көлік және логистика, инфрақұрылым, сауда және қаржылық орнықтылық бойынша жұмыс топтары ұйымдастырылды», - деді ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров.

Президент жолдауындағы тапсырма бойынша бұқаралық ақпарат құралдары туралы заң қайта қаралатын болады. Министрдің айтуынша, заңға енгізілетін өзгерістер кеңінен талқыланады. Журналистердің пікірі ескеріледі.

«Бүгінде министрліктің алдында ақпарат құралдарының рөлін, мәртебесін және жауапкершілігін нығайту бойынша бірқатар міндет тұр. Осыған байланысты, біріншіден, қоғам сұраныстары мен мемлекеттің мүдделерін ескере отырып, бұқаралық ақпарат құралдары туралы заң қайта қаралатын болады Азаматтық бақылауды жүзеге асыратын төртінші билік ретінде әрекет ететін бұқаралық ақпарат құралдары үшін ашық бәсекелестік орта дамитын болады», - деді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров.

Үкімет отырысында сондай-ақ, дүкендердің сауда үстемесін сақтауы бойынша тұрақты тексерулер жүргізілетіні де айтылды. Қазір елімізде 1,3 млн тонна азық-түлік тауарларының қоры бар. Бұл халықтың қажеттілігін қамтамасыз ету үшін жеткілікті екен.

Қаламқас Нысанбай, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтаннан

Новости партнеров