Қазақстан Парламентінің Сенаты Франциямен арада жаңартылған энергия көздеріне қатысты құжатты мақұлдады
Қазақстан Парламентінің Сенаты Франциямен арада жаңартылған энергия көздеріне қатысты құжатты мақұлдады. Екіжақты келісім аясында ірі жобаларды іске асыру жоспарланған. Жоғары палата депутаттары шетелге кеткен жетім балаларға азаматтық алуды оңатайландыруды сұрап отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қазақстан мен Франция жұдырықтай жұмылып жұмыс істейтін құжатты бүгін сенаторлар мақұлдады. Келісім энергетикалық қауіпсіздік саласындағы мақсаттарға, экологиялық таза технологияларға көшуге және шығындарды қысқартуға жәрдемдесетін жобаларды ілгерілетуге бағытталған. Мәселен, құжатта Жамбыл облысы Мирный кентінің аумағында, жалпы қуаты 1 ГВт жел энергиясын пайдаланатын гибридті электр стансасын салу көзделген.
– Жобаны іске асыру жаңартылатын энергия көздері секторын дамытуды жалғастыруға, нысаналы индикаторларға қол жеткізуге, сондай-ақ жыл сайынғы көмірқышқыл газының шығарындыларын кемінде 2 млн тоннаға қысқартуға мүмкіндік береді. Аймақта 250 тұрақты жұмыс орнын, 2500 уақытша жұмыс орнын құруға және 820 млрд теңгеге жуық инвестиция тартуға мүмкіндік береді, – деді ҚР Парламенті Сенатының комитет хатшысы Ольга Булавкина.
Сенатор Дархан Қыдырәлі шетелдіктер асырап алған балалардың тағдырына қатысты Бас прокурор Берік Асыловтың атына сауал жолдады. Депутат шетелге кеткен жетімдер туралы деректер бойынша зерттеу жүргізу, балаларға биологиялық ата-анасын табуға көмектесу, сондай-ақ олардың қалауы бойынша еліміздің азаматтығын алуға жәрдемдесуді ұсынып отыр.
– 1999-2011 жылдар аралығында шетелдіктер 8805 баланы асырап алған. Олардың 5217-сі қазір кәмелет жасына толуына байланысты есептен шығарылған. Кәмелетке толмаған 3588 бала туралы мәлімет бар. Өкінішке қарай, есеп бермейтіндер де аз емес. Оңтүстік Африка еліне кеткен 30 баладан хабар-ошар жоқ, – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дархан Қыдырәлі
Ал Сенат депутаты Әли Бектаев елде Жаңа жыл мерекесі ысырапшылдық пен дарақылыққа айналып бара жатыр деп дабыл қағып отыр. Жоғары палата депутатының ойынша, бұл жай отбасылық мерекеден ауқымды материалдық шараға айналып кеткен. Әли Бектаев мемлекетімізде балабақшадан бастап барлық оқу орындары мен еңбек ұжымдарында, әрбір отбасында Наурыз мейрамын дәріптейтін, дәстүрге енгізуге мұрындық болатын, әр азаматтың санасына сіңдіре білетін жалпыұлттық концепция қабылдау керек деп отыр.
– Әр жылдың экономикалық, статистикалық қорытындысы алдағы ақпан-наурыз айларында шығатындығын ескере отырып, Наурыз мейрамының қарсаңында өткен жылды қорытындылап, еңбек ұжымдары мен еңбек озаттарын марапаттау дәстүрге айналуы тиіс. Тіпті наурыздаеңбек адамын дәріптеу айы болғаны дұрыс, – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Әли Бектаев.
Бүгін Сенат «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің аумақтарын санитариялық қорғау саласындағы ынтымақтастық» туралы келісімді мақұлдады.
Айта кетейік, ертең палаталардың бірлескен отырысы өтеді. Онда БҰҰ аясында Қазақстан Республикасының бітімгершілік күштерін жіберу мәселесі көтеріледі. Олардың қай елге баратыны белгілі болмақ.
Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астана
Оқи отырыңыз: Қазақстанда АЭС салуға шамамен 10-12 жыл уақыт кетеді - министр