Өзен арнасының жанына салынған тұрғын үйлер мәселесі қалай шешіледі

Almaty.tv
Almaty.tv
Үкіметте алдағы көктемдегі су тасқынына дайындық пысықталды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстанда өзен арнасының жанынан жер телімін беруге тыйым салынбақ. Себебі су қорғау аумақтары мен ойпатты жерлердегі үйлер су тасқыны болған кезде бірінші зардап шегеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Үкіметте алдағы көктемдегі су тасқынына дайындық пысықталды. ТЖМ Сырым Шәріпхановтың айтуынша, өзен арнасының бойына салынған үйлер су тасқыны кезінде бірінші болып батып кетеді. Былтыр топан суға талдау жүргізген министр Қостанай облысында су астында қалған баспаналардың «Тімтуір» өзенінің маңайында орналасқанын айтты. Батыс Қазақстан, Түркістан облыстарында осындай мысалдар жетіп артылады. Сырым Шәріпханов қатаң шара қолдануды ұсынып отыр.

– Әкімдіктер бірінші кезекте, осындай елдімекендерді қорғауды қамтамасыз етуін немесе оларды көшіру мүмкіндігін қарауын және бұл аймақтарда болашақта құрылысқа тыйым салуын қажет деп санаймын, – деді ҚР ТЖМ Сырым Шәріпханов.

Қазақстандағы мың жарымнан астам гидротехникалық құрылыстың 300-ге жуығы қауіпті жағдайда екен. Бұлардың дені халықты құлақтандыру жүйелерімен жабдықталмаған. Сондықтан министр «жергілікті билік пен су ресурстары министрлігі аталған құрылыстарды тиісті жүйемен қамтамасыз етуі керек» дейді. Өз кезегінде премьер-министр Әлихан Смайылов осы күні еліміздің 90 пайыз аумағын қар басып жатқанын еске салып, бұл су тасқыны қаупін арттыратынын жеткізді. Осыған байланысты жауаптыларды ерте бастан қамдануға шақырды.

– Қазірдің өзінде Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарында елдімекендерді су басып, жолдарды су шайып кеткен фактілері кездесіп отыр. Сонымен қатар желтоқсанның ортасында Алматыда Есентай өзені де арнасынан асып кетті. Су деңгейі 1,5 метрге көтерілді. Мұндай жағдайлар қыс ортасында алдағы су тасқыны кезеңіне дейін болып отыр. Сондықтан өңір әкімдіктері аталған мәселелерге арнайы назар аударып, осы бағыттағы жұмыстарды күшейту керек, – деді ҚР премьер-министрі Әлихан Смайылов.

Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов жергілікті әкімдіктерге елдімекендерден қарды уақытылы шығаруды, жарылыс жұмыстарын жүргізетін компанияларды ертерек анықтап алуды және тас жолдар мен кәріз жүйелерін қоқыстан жиі тазартып отыруға кеңес береді.  

Оқи отырыңыз: Алматылық құтқарушылар су айдынындағы қауіпсіздік шараларын айтып берді

Новости партнеров