Қалауынша есептесе алмаған клиент салық комитетіне шағым жаза алады
Жыл басталғалы дүкендер мен базарлар қолма-қол ақшаға көшті. Қазір зат сатып алғаныңыз үшін әдеттегідей, мобильді аударым жасай алмайсыз. Аударымды қабылдаған күннің өзінде кей кәсіпкерлер тіпті тауарға 3-7 пайыз үстемақы қосатынды шығарған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Аударым қабылдамай, қолма-қол ақшамен ғана сауда жасауға көшкендердің көбі – шағын бизнес өкілдері. Олардың тұтынушыға мұндай талап қоюына биыл тапсыратын декларация себеп болған. Декларацияға сай, табысын растаған кәсіпкер жалпы айналымының 3 пайызын мемлекетке салық қып төлейді. Ал қолма-қол төлем жасау – салық төлемеудің амалы.
– Аударым жасап үйреніп қалдық. Ұялы телефон ылғи қолымызда. Қолма-қол ақша алып жүрмейміз, ыңғайлы еді, – деді қала тұрғыны.
Сауда жасаймын деп базарға шыққан жұрт банкомат іздеп сарылатын болған. Олар не аударым, не QR код арқылы есептесе алмайды. Бірақ «қағаз ақша салықтан сақтайды» деп ойлау қате. Өйткені тұтынушы қолма-қол төлем жасаған күннің өзінде құқығын қорғауы тиіс.
– Қолма-қол ақша алғанның өзінде фискалдық чек берілуі керек. Тұтынушыға төлемді қалай жасаған ыңғайлы? Егер оған қолма-қол ақша беру ыңғайсыз болса, оған карта арқылы төлеуге болады. Мобильді аударымдар жеке мақсатқа, ал төлемдер кәсіпкерлікке арналған, – деді Мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы Айжан Бекеева.
Қысқасы, табысын растаған кәсіпкер тұтынушыға кез келген түрде төлем жасата алады. Ал қалауынша есептесе алмаған клиент салық комитетіне арыздануға құқылы. Өйткені көлеңкелі бизнес жүргізген кәсіпкер заңды жұмыстан жалтарған болып есептеледі. Бұл ретте қаржы сарапшысы «3 пайыздық салық бюджетке бөлініп, өзімізге қайтады» дейді. Ал көпшілік салық төлеген сатушылар тауар бағасын қымбаттатып жібере ме деп қорқады.
– Салық түсімдерінен алып қарағанда шағын сегмент, оның үлесі көп деп айта алмаймын. Сондықтан баға көтеріледі дегенге мен сенбеймін. Мемлекет көп жағдайда шағын бизнесті тексеруге мораторий жариялады. Пандемия кезінде де белгілі бір жеңілдіктер жасалды. Бірақ қазір заңның орындалуын бәрі қамтамасыз етуі керек. Бұл салық мәдениетін сақтауды үйретеді. Екіншіден, экономиканы көлеңкеден шығарады, – деді қаржы сарапшысы Айбар Олжаев.
Айта кету керек, мұның бәрі биыл шыққан ереже емес. Мемлекеттік кірістер комитеті декларация қабылдауды 2022 жылдан бастаған. Тек тексеріс кезең-кезеңімен жүзеге асты. Бұған дейінгі 2 жылда мемлекеттік қызметкерлер мен олардың жұбайлары және медбикелер мен мұғалімдер табысын растауға міндеттелген еді. Ендігі кезек заңды тұлғалар мен кәсіпкерлерде. 2025 жылға қарай 13 миллионнан аса азамат мүлкі туралы есеп береді.
Ескеретін бір жайт бар. 1 адамның шотына 3 ай бойы 100 түрлі адамнан аударым жасалса, ол кәсіпкерлікпен айналысып отыр деген күдікке ілінеді. Бұл жағдайда Мемлекеттік кірістер комитеті аударымды тексеруге құқылы. Ал аталған уақыт ішінде дос, туыстардан түсетін тұрақты қаржы назарға ілінбейді.
Мадина Оқас, Алишер Ерғалиұлы, «Алматы» телеарнасы