Мал дәрігерлерінің жалақысы көбейеді. Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, ең аз еңбекақыны мал дәрігерлері алады,деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Коммуналдық кәсіпорындардағы мал дәрігерлерінің орташа айлық жалақысы өңірлерге қарай 80 мың мен 200 мың теңге. Республикадағы мал дәрігерлерінің орташа жасы 40 пен 55 жас аралығында. Осылайша Ауыл шаруашылығы министрі ветеринария саласына жоғары білікті жас мамандар жетіспейтінін атап өтті. Мәжілістегі үкімет сағатында министр бұл саладағы кемшіліктерді жою қадамдарын айтты.
«Жоғарыда аталған барлық мәселе қазіргі уақытта әзірленіп жатқан «Ветеринария туралы заңға» өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі заң жобасында көрініс табатынын атап өткім келіп отыр. Оны Парламентке осы жылдың 3 тоқсанында енгізуді жоспарлап отырмыз. Ауыл шаруашылығы министрлігінің ветеринария жүйесін жетілдірудің негізі, жүйесі осындай», – деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев.
Бүгін төменгі палатада ветеринария саласын реформалау мәселесіне депутаттар да өз ұсыныстарын қосты. Осы орайда депутат Екатерина Смышляева ветеринар мамандардың кәсіби мерекесін бекіту керектігін айтты.
«Бүгінде кәсіби мерекелер қатарында ветеринар күні жоқ. Осыдан-ақ ветеринар дәрігер мамандығына деген қарым-қатынасты байқауға болады. Мысалы, қаржыгер мен есепшілердің бірнеше мерекесі бар», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Екатерина Смышляева.