Табиғат аясында демалуды қандай маусымда жоспарлаған жөн

Almaty.tv
Almaty.tv
Құтқарушылар халықты қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ақпан мен сәуір айының аралығы топырақ көшкіні жиі жүретін ең қауіпті кезең. Алматыда соңғы екі айда 6 учаскені лайлы батпақ шайып кеткен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұл былтырғы дерекке қарағанда едәуір көп. Сондықтан құтқарушылар халықты жоталар мен таулы аймақтарға саяхат жасауды кейінге қалдыруға шақырады.

Наурыз айында нөсерлеткен жаңбыр биыл жұртты біраз әбігерге салған. Беткейдің бір жағы түгел сырғып, тіпті дөңнің жоғары жағында тұрған мектепке қауіп төндірген. Ал Орманов көшесінде лайлы батпақ сол маңда орналасқан дәмхананы басып қалған. Жалпы қалада топырақ көшкіні жүру қаупі бар 144 учаске тіркелген.

«Осы екі айдың ішінде ақпан, наурыз айларында өткен жылмен салыстырғанда топырақ көшкіні көбірек болды. Себебі биыл қардың мөлшері көп болды. Медеу ауданында 4, Бостандық ауданында 2 топырақ құлау жағдайы тіркелді», - деді «Қазселденқорғау» ММ Алматы пайдалану-техникалық басқармасының бөлім басшысы Ұлан Жұмаев.

Естеріңізде болса, осыдан шамамен бір ай бұрын Шымбұлақта қар көшкінінен адам көз жұмды. 47 жастағы ер азаматтың экстремалды спортпен айналысатыны және тыйым салынған аумақта сырғанаған. Мамандардың айтуынша, қайғылы жағдай көбіне адамдардың қауіпсіздік ережесін сақтамау салдарынан орын алады. Қардың қалыңдығына байланысты қазір Үлкен және Кіші Алматы көлдері жабық. Алматы тауларында 45 мореналық көл бар, дегенмен әлі ерімеді. Сондықтан сел болу қаупі бар. Төтеншеліктер көлдердегі су деңгейін толық бақылауда ұстап отырғанын айтады.

«Қарғалы, Үлкен Алматы, Кіші Алматы бассейндерінде үлкен сел болуы мүмкін. Бірақ біз таудағы мореналық көлдердің деңгейін бақылап, деңгейін түсіріп жатқанға байланысты сел қазір жақын арада болмайды. Себебі былтырғы жұмыстарға қарағанда көлдердің деңгейі 6-12 метрге түсірілген», – деді ММ Алматы пайдалану-техникалық басқармасының бөлім басшысы Ұлан Жұмаев.

Құтқарушылар жыл сайын халықты таудағы жағдай туралы ескертіп, қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырып отырады. Дәл қазір тауға шығуға кеңес бермейді. Өйткені тау баурайларында қар әлі еріп біткен жоқ, яғни қар көшкіні болуы мүмкін. Сондай-ақ, топырақтың опырылып кетуін де жоққа шығармайды. Сондықтан табиғат аясында демалуды маусым айына жоспарлаған жөн. Тек сол кезде ғана қауіп толық сейілетін көрінеді.

Назкен Еркін, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров