«Әкімдіктен атқарған жұмысымның ақысын ала алмай отырмын». Дәл осындай шағыммен арнамызға алматылық кәсіпкер жүгінген еді, деп хабарласты Almaty.tv.
Келісімшартқа сәйкес, мердігер биыл қазан айында Жамбыл облысындағы екі ауылға дабыл қондырғыларын орнатқан. 2009 жылдан бастап бұл салада іс қылған кәсіпкерге құрылғыны қондыруға 1 ай уақыт беріліпті. Ол жұмысын аяқтауға әкімдік кедергі келтіріп, ақшасын төлемей отырғанын айтты. дейді. Тіпті, қазір істі болған ол сотта «жұмысына немқұрайлы қарады» деген айып тағыла ма деп алаңдайды.
«Біз екі ауылдағы құрылғыны дұрыс орнаттық. Алайда оларды орталық басқару тетігіне қосуға келгенде кедергіге кезіктік. Әкімдік қызметкерлері ертең баста, біресе кілт жоқ, анау жоқ, мынау жоқ деп түрлі сылтау айта бастады. Сол себепті бір ай бойы соңынан жүгірдік. Бізге толық мүмкіндік берілмеді», – деді жеке кәсіпкер Руслан Іргебаев
Ал аудандық әкімдік өкілдерінің айтуынша, мердігер жұмысты 28 қараша күні аяқтауы тиіс. Мұнымен қоса кәсіпкер тарапынан көрсетілген қызмет келісімшарттағы техникалық сипаттамаға сәйкес келмейтін көрінеді. Осыған байланысты әкімдік мердігерді ауданаралық сотқа беріпті. «Бірнеше уақытқа ғана кешіккенімнің кесірінен кәсібім тақырға отыруы мүмкін» дейді Руслан. Ал, шенділердің айтар уәжі бөлек.
«Біздің тараптан ол кісіге мерзімінен кешіккені жайлы бірнеше рет ескерту берілді. Кәсіпкер келісімшартта көрсетілген 30 күн мерзімінде ол жұмысты аяқтап бітпеді, өткізбеді. Жұмысты қабылдамау себебіміз ол кісі орнатқан құлақтандыру жүйелері ауданда орналасқан басқару пультіне қосылмаған. Біз сол себепті ол жұмыстарды қабылдай алмадық, Соның негізінде заң талаптарына сәйкес Жамбыл облысы ауданаралық сотқа бердік», – деді Жамбыл ауданы әкімдігінің бас инспекторы Тимур Тұрсынбеков.