Еліміз егемендік алғалы он рет қайғылы жерасты жарылысы болған

08.11.2021 в 23:42

Мемлекет басшысы Қарағанды облысында қаза тапқан шахтерлердің отбасыларына көңіл айтты

Мемлекет басшысы Қарағанды облысында қаза тапқан шахтерлердің отбасыларына көңіл айтты. Күні кеше болған апатқа қатысты қазір қылмыстық іс қозғалды. Адам өмірін қиған жерастындағы жантүршігерлік жарылыс осымен елімізде оныншы рет қайталанған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.             

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай» шахтасында метан газының жарылуы салдарынан қаза тапқан шахтерлердің жақындарына көңіл айтты. Олардың отбасыларына көмек көрсету үшін арнайы тапсырма беріліп, оқиғаның мән-жайын анықтау мақсатында үкіметтік комиссия құрылды.

Айта кету керек, шахтадағы метан газының жарылуы салдарынан 6 адам қаза болып, тағы екеуі зардап шеккен еді. Ал апат кезінде оқиға орнында жалпы 64 адам болған.

Қайғылы жағдайда өлім құшқан кеншілердің отбасыларына өтемақы төленеді. Сондай-ақ баспанамен қамту, несиелерін өтеу мәселелері көтеріліп отыр. «Қаза болғандардың студент балалары болса, оқу ақысын төлеу де ескеріледі» дейді ресми өкілдер.  

«Қайтыс болған 6 азаматқа ҚР Еңбек кодексіне сәйкес, 10 жылдық жалақысы төленуге тиісті және де қосымша көмек ретінде жерлеу рәсімдеріне қажетті қаражатты компанияның өзі төлеп беруге келісімін беріп отыр», – деді ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли.

Өкініштісі, ел егемендік алғалы бері жерастында болған мұндай жарылыстардың саны 10-ға жеткен. Ал дәл осы «Абай» шахтасында метан газы 2008 жылы жарылған еді. Айта кету керек, қайғылы жайттың көбі метаннан келіп отыр. 

Қайрат Советбекұлы, Мадина Оқас, «Алматы» телеарнасы