Заң жобасы Мәжіліс депутаттарына таныстырылды
Қазақстанда алқабилер сотының өкілеті кеңейеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Яғни азаптау, рейдерлік, заңсыз аң аулау сынды баптар бойынша сотталғандар енді алқабилер сотына жүгіне алады. Бүгін осындай заң жобасы Мәжіліс депутаттарына таныстырылды. Ал ісі аса құпия тергеліп жатқан Кәрім Мәсімовтың сотына алқабилер қатыспайды.
Бүгінгі Мәжіліс отырысы «АрселорМиттал Теміртауда» қаза тапқандарды бір минуттық үнсіздікпен еске алумен басталды. Артынша Жоғарғы соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Әбдірашит Жүкенов алқабилердің өкілеттігін кеңейтетін Заңды таныстырды. Заң жобасында келесі жылдан бастап алқабилер сотына тағы 13 ауыр және онша ауыр емес қылмыс құрамын беру ұсынылып отыр. Олардың арасында рейдерлік, азаптау, заңсыз аң аулау, көлікті мас күйде басқарып, адам өліміне әкеп соғу сынды істер бар. Жоғарғы сот өкілінің айтуынша, заң жобасын қабылдау соттардың қызметін жетілдіруге, оларға деген сенім деңгейін арттыруға септеседі.
«Жалпы алғанда алқабилер сотының соттығына 44 заң жататын болады. Құрметті депутаттар, алқабилер сотының соттылығы сот жүйесін демократизациялауға ықпал ететін және қоғам тарапынан сотқа деген сенімді едәуір арттыратын болады», – деді Жоғарғы соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Әбдірашит Жүкенов.
Осылайша Әбдірашит Жүкенов депутаттардан заң жобасын қолдауды сұрады. Баяндамасы аяқтала салысымен залда отырғандар сұрағын жаудыра бастады. Еділ Жаңбыршин «өңір-өңірден әділдік іздеп келген ағайын соттармен жолыға алмай кетеді» деп сын айтты. Тіпті, шыдамы таусылған кейбір азаматтардың өздерін өртеп жіберген оқиғаны еске алып, соттың ашықтығын талап етті.
«Сот жүйесі, мекемесі бір жабық мекемеге айналып кеткен. Ал Президент айтып жатыр, Үкімет, ашық болуы керек. Барлық билік халықпен жұмыс жасауы керек. Есту керек дейді. Ал сіздерден біз оны көріп отырған жоқпыз. Сондықтан біз не жергілікті жерде бәрін реттеуіміз керек, не сіздер осы жерде келген халықпен дұрыстап кездесулеріңіз керек, аппараттың қызметкерлері емес», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Еділ Жаңбыршин.
Депутаттың сұрағы тосыннан болды ма, әйтеуір Жоғарғы сот өкілі бұл сауалға қысқа ғана «тек заң аясында істерді қараймыз» деп жауап берді. Алайда, қатып қалған қағида жоқ деген Еділ Жаңбыршин мұңын айтып келген халықпен соттар да кездесудің жолын қарастыру керегін баса айтты.
Өмір Серікбекұлы, Нұрлан Өтегенов, «Алматы» телеарнасы, Астана