Есентай өзені жағалауында Жапония бұрышы пайда болады
Алматыда Жапония бұрышы пайда болады. Есентай өзені жағалауында «күншығыс елінің» символына айналған Сакура саябағының негізі қаланды. Оның алғашқы көшеттерін қала әкімі Бауыржан Байбек пен «Tokyo Rope International» трансұлттық корпорациясының президенті Сато Кадзунори отырғызды деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жапония Қазақстанның түрлі салаларындағы негізгі серіктесінің бірі. Бірнеше жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Токиодан телекөпір арқылы Tokyo Rope Алматы болат сым өндіретін зауытын іске қосқан еді. Жапондық кәсіпкерлермен жасалған ынтымақтастықтың арқасында өткен жылы индустриалды аймақта жоғары технологиялық екінші зауыт өз жұмысын бастады. Сато Кадзуноридің айтуынша, жыл сайын миллиондаған турист сакураның гүлдегенін тамашалау үшін арнайы келеді. Алматыда осы ағаштың отырғызылуы екі елдің мәдениеті мен достығын нығайта түседі дейді ол.
«Алматының ауа райына сай келетін сакураның түрін таңдап алдық. Алғашқы кезеңіне жүзден астам ағаш алып келсек, санын уақыт өте көбейту ойымызда бар. Сондықтан алматылықтар қаладан шықпай-ақ оның гүлдегенін тамашалай алады. Қазір әкімдікпен біріге әл-Фараби даңғылының жоғарғы жағындағы Есентай өзенінің жағасын бекітіп, көріктендіру жұмыстарымен айналысып жатырмыз. Жоспарда Киото тарихи қаласының типіндегі жапондық мейрамхананы ашу бар. Барлық жұмыстарға 3 миллион доллар шамасында қаржы жұмсаймыз», - TOKYO ROPE INTERNATIONAL трансұлттық корпорациясының президенті Сато КАДЗУНОРИ.
Есентай өзенінің арнасын бекіту жұмыстары Rock Box технологиясы бойынша жүзеге асырылады. Алюминий мен цинктен жасалған құрылым инженерлік қорғау жүйесіне жауап береді. Бастысы – оның экологиялық тазалығында. Өзендегі балықтар бетонға қарағанда, табиғи тастарға уылдырық шашады. Ал өзен арнасын бекітіп, көріктендіру жұмыстары мамыр айының аяғына дейін аяқталады. Өзгерісті байқаған алматылықтар қала әкіміне қазірден бастап алғысын жаудырды.
Айта кетейік, Елбасы қала дамуына байланысты өткізген жиынында Алматыдағы жасыл желек қорын ұлғайтуды тапсырған еді. Қабылданған «Jasyl Meken» бағдарламасы аясында өткен демалыс күндері 7 мың көшет отырғызылды. Осы көктемде қаланың жасыл желегіне 12 мыңнан астам ағаш қосылады.
Азамат Әуезхан, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы