Бұл мәселе Мемлекет басшысының ерекше бақылауында болады
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Костенко атындағы шахтада қаза тапқан кеншілердің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтып, кеншілердің отбасыларына барлық қажетті көмек көрсетілетінін айтты, - деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Ерлан
Қошановтың Facebook-тегі жазбасына сілтеме жасап.
Қаза болған кеншілердің туыстарына көңіл айтып, зардап шеккендердің тезірек сауығып, үйлеріне оралуын тіледі.
- Бұл мәселе Мемлекет басшысының ерекше бақылауында. Президент Үкіметке шұғыл тапсырма берді. Кеншілердің отбасыларына барлық көмек көрсетіледі. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін Үкіметтік комиссия құрылып, жұмысын бастады. Шахтада болған төтенше жағдайға қатысты Бас прокуратура қылмыстық іс қозғады. Оқиға орнында Мәжіліс депутаттары да жүр, - деді Ерлан Қошанов.
Сонымен қатар ол депутаттар Мемлекет басшысының "АрселорМиттал Теміртау" компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтату туралы шешімін толық қолдайтынын атап өтті.
- Компанияға тиесілі кен орындарында мұндай қайғылы оқиғалар жиілеп кетті. Әрине, бұл, ең алдымен, осы компанияның жауапкершілігінде екені сөзсіз. Сондықтан Президенттің аталған тапсырмасын депутаттар бірден-бір дұрыс шешім деп толық қолдап отыр. Мемлекетіміз үшін еш нәрсе адам өмірі мен денсаулығынан артық емес. Елдегі барлық инвесторлар мен өндіріс компаниялары осы ұстанымды басшылыққа алуға тиіс, - деді Ерлан Қошанов.
Қарағанды облысында Костенко атындағы шахтада жарылыс болып, қаза тапқандар саны 32-ге жетті.
ТЖ министрі, генерал-майор Сырым Шәріпханов Қарағандыдағы Костенко шахтасындағы апат орнына басшылық ету үшін барды.
Кейін Қасым-Жомарт Тоқаев "АрселорМитталТеміртаумен" ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырды.
Бас Прокуратура Қарағанды облысы Костенко атындағы шахтадағы өртке қатысты соталды тергеп-тексеру басталғанын хабарлады.
Енді "АрселорМитталТеміртау" Қазақстан пайдасына берілуі мүмкін. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі өкілдері мәлімдеді.
Шахтадағы өрттің салдарынан топтық жазатайым жағдайдың себептеріне жан-жақты тергеу жүргізілетін болады. Сонымен қатар, келтірілген залалды бағалау, зардап шеккендерге және қаза тапқандардың отбасыларына алғашқы көмек көрсету жөнінде шаралар қабылданады.
- Үкімет "АрселорМиттал Теміртау" АҚ акционерлерімен алдын ала уағдаластыққа қол жеткізгенін және кәсіпорынның меншік құқығын Қазақстан Республикасының пайдасына беру туралы келісімшартты рәсімдеу аяқталу үстінде екендігін хабарлаймыз, - делінген хабарламада.
Оқи отырыңыз: Денсаулық сақтау министрі зардап шеккендерге қандай медициналық көмек көрсетіліп жатқанын айтты