Үстіме жара шықты: атыраулықтар кәріз суының иісіне тұншығып отыр

Almaty.tv
Almaty.tv
120 пәтерлі көпқабатты үйдің іргетасы 1986 жылы қаланған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Атырауда кәріз суының исіне тұншыққан тұрғындар шу шығарды. Олардың айтуынша, қаланың қақ ортасында тұрып, терезе ашудан қалған. Көпшілік жертөледен мүңкіген иістен түрлі инфекциялық ауру тарағанын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Аптап ыстықта қамыс пен шыбын-шіркейден әбден зәрезап болған ықшамаудан жұрты мүңкіген иіспен алысып әлек. Олардың айтуынша, сасық судан зиян көп. Соңғы күндері ауру асқынып, вирус тараған. Халық ылғалдан үйдің іргетасы қисайып, қабырғасы қақырап кете ме деп қауіптенеді.

– Үстіме жара шықты. Тұншығып жатырмыз. Бізді адам құрлы санамайды. Неге? Терезе аша алмаймыз, ауру болдық, – деді қала тұрғыны Бибігүл Рашева.

– Жыл сайын жертөледен шыққан сасық иістен зардап шегеміз. Лас су басып қалды. Бір ай бұрын хабарласқанда тазалаудан бас тартты. Олардың айтуынша, ПИК болмағандықтан, тұрғындар өздері тазартуы керек екен, – деді қала тұрғыны Любовь Ляпина.

Кәріз құдықтарының беті ашылмағанына біраз болған. Ақаудың неден кеткені белгісіз. Бір қызығы, бұл жағдайдан әкімдік бейхабар болып шықты. Енді «Атырау су» арнасымен бірігіп, мәселені кезең-кезеңімен шешпек. Бірақ нақты қай кезде қолға алатынын айта алмады.

– Бұл жердегі құдықтарды ашып, ішінде не болып жатқанын білген жоқпыз. «Атырау су» арнасы мекемесіне хабарласып, мәселені шешуді қолға аламыз. Барлық коммуналдық мекемелер үйге дейінгі жылу құбырлары мен кәріз құдығын тазарту жұмысымен айналысады, – деді Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің сектор меңгерушісі Темірлан Әубәкіров.

Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасындағылар тұрғындардың сөзін жоққа шығарды. Олардың айтуынша, ешқандай инфекция тарамаған. Әрі халықтан шағым түспеген. Десе де алдағы уақытта учаскелік дәрігерлер мекенжайға барып, тексеріс жүргізбек.

Айта кетейік, ықшамаудандағы 120 пәтерлі көпқабатты үйдің іргетасы 1986 жылы қаланған. Қазір мұнда шамамен 500-ге жуық адам тұрады.

Мадина Оқас, Фархат Тәжібаев, «Алматы» телеарнасы, Атырау

Оқи отырыңыз: Алматыда жалған полицейлер адам тонаған

Новости партнеров