Алматыда 50-ден астам отбасы мемлекеттен заңсыз қаржы алып келген

24.07.2019 01:44

Бүгінде, Алматыда 8 400 отбасы аталған көмекті алып отыр

кадр из видео Almaty.tv

Алматыда екінші рет жүргізілген ауқымды тексерістің нәтижесінде 53 жанұяның негізсіз қаржы алып келгені анықталды.Зәулім үйде тұрса да, табысын жасырып, үкіметтен атаулы әлеуметтік көмекті алуға дәмелі отбасылардың қитұрқы әрекеттері біртіндеп әшкере болуда, деп хабарлдайды Almaty.tv тілшісі.

Қаражаттан қағылып қалмас үшін жалған құжат жасап, өздерін мүсәпір етіп көрсеткендер заңсыз әрекеттерін бірден мойындады. Енді олардың барлығы да заңсыз алған ақшаларын қайтаруға міндеттелді.

«Егер біз мұндай тексерісті ұдайы жүргізетін болсақ, өз кәсібін жасырып жүрген азаматтарды көптеп анықтаймыз. Бұл – шамамен, айына мемлекетке 22 миллион теңгеден астам қаржы қайтарылады деген сөз. Ол кісілер заңды бұзып отырғандарын түсінуі керек. Мұндай әрекет айлакерлікке жатады. Өйткені, сол арқылы азаматтар мемлекеттің қаржысын жымқырып жатыр. Біз одан да шын мұқтаждарға көмектесуіміз керек. Контейнерлерде тұрып жатқан қаншама отбасылар бар. Ауқатылардың осы атаулы әлеуметтік көмекке таласқаны өте ұятты әрекет болды», – деді Алматы қалалық халықты жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Диляра ИМАНҚҰЛОВА.

Алты баланың анасы Марина Ничкова үш айдан бері атаулы әлеуметтік көмекті алып келеді. Жалғызбасты әйел шын мұқтаж отбасылар үшін бұл үкіметтің көрсетіп отырған зор қолғабысы деп біледі. Бала күтіміне байланысты жұмыссыз үйде отырған келіншек, қуаныштан көз жасын тия алмай, алғыстан басқа айтарым жоқ деп қысқа қайырды.  

«Алып отырған 142 мың теңге көлеміндегі атаулы әлеуметтік көмек жағдайымызды айтарлықтай жақсартты. Құжаттарды рәсімдеуде ешқандай қиындық болған жоқ. Бұдан бөлек, «Бақытты отбасы» қоғамдық қоры 60 мың теңге ақшаны сертификат ретінде балалардың киіміне деп берді. Пәтерді 40 мың теңгеге жалдап тұрамын. Жолдасым алимент төлеп, көмектесіп жатыр. Осылай күнімізді көрудеміз», – деді Марина НИЧКОВА.

Атаулы әлеуметтік көмек нақты мұқтаж отбасыларға жеткенше, мұндай тексерістер тоқтамайды. Бұдан былай бақуатты жанұялар тыққан табысын жария етпесе, заңсыз әрекеті үшін сотта жауап бермек. Ал өз еркімен әрекетінің бұрыстығын ашып айтып, қаражатты қайтарғандар жауапкершілікке тартылып, айыппұл арқаламайды. Бүгінде, Алматыда 8 400 отбасы аталған көмекті алып отыр.

Әйкерім Ердәулетқызы, Ялкунжан Әшімжанов «Алматы» телеарнасы