Өңірлердің қысқа дайындығы қалай

egemen.kz
egemen.kz
Министрдің айтуынша, өңірлердегі қоймаларда көмір қоры жеткілікті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Өңірлердің қысқа әзірлігі баяу. Алматы, Ақмола, Қарағанды, Павлодар облысының тұрғындары көмір сатып алуды әлі бастамаған. Бұл туралы Үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қайырбек Өскенбаевтың мәлімдеуінше, қазір халықтың 31 пайызы ғана қатты отынмен қамтылып үлгерген.

Елде қаңтар-шілде айларында 66,4 млн тонна көмір өндірілген. Министрдің айтуынша, өңірлердегі қоймаларда көмір қоры жеткілікті. Дегенмен қазір халықтың қысқа қамдануы көңіл көншітпей отыр. Ал баға әр өңірде әртүрлі. Солтүстік Қазақстанда тоннасы 14 мың 500 теңге болса, Батыста 21 мың 600 теңгеге жеткен.

«Біз әкімшіліктермен бірлесіп, ауылға жүк тасымалдайтын компаниялармен жұмыс істеп, бағаны қолжетімді түрде қалай жеткізуге болатынын ойластырып жатырмыз. Өйткені Ақмола облысын алсақ, Атбасарда қаражыра 14 мың 500 теңге болса, Шұбаркөлде 15 мың теңге», - дейді министр.

Оның айтуынша, жылыту маусымы кезінде көрші елдерге әлеуметтік көмірді автокөлікпен шығаруға шектеу қойылмақ. Алдымен өзімізді қамту үшін барлық қажетті шаралар атқарылады. Теміржол тұйықтарынан бөлек, шалғай аймақтарға қатты отын жеткізу үшін вагондар паркі көбейтіледі. Бұл іс «Қазақтеміртранс» акционерлік қоғамы арқылы жүргізіледі.

Үкімет басшысы өз кезегінде өткен жылғы тапшылық пен көмір бағасының күрт өсуіне жол бермеу керектігін баса айтты.

«Көмірге деген ұзын-сонар кезек, бағаның күрт өсуі, уақытында жеткізілмеуі, өңірлерде көмір қорын дер кезінде жинап алмау – осының барлығы халықтың наразылығына алып келеді. Бұған жол беруге болмайды. Жылыту маусымына дейін аз ғана уақыт қалды. Солтүстік өңірлерге суық ерте түседі. Сондықтан жылыту маусымын қыркүйектің соңында бастау жоспарланған. Демек дайындық жұмыстарын барынша тездету қажет», - деп мәлімдеді ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысы 1-қазанға дейін жылу электр орталықтарын отын қорымен қамтамасыз етуді тапсырды.

«Алдымен әлеуметтік нысандар еш кедергісіз жылуға қосылуы маңызды. Алайда білім беру нысандарының дайындығы бойынша тағы да елордада, Жамбыл мен Солтүстік Қазақстан облыстарының әзірлігі төмен болып шықты. Алғашқы суық түссе абдырап қалуы әбден мүмкін», - деді Қайырбек Өскенбаев.

Оның айтуынша, биылғы 1-қыркүйектегі жағдай бойынша жоспарланған 11157 нысанның 11075-і, яғни жоспардың 99 пайызы жылу маусымына дайын. Білім беру нысандарының дайындығы Нұр-Сұлтан, Жамбыл және Солтүстік Қазақстан облыстарында төмен. Аталған өңір әкімдіктері білім беру объектілерінің 100% дайындығын қамтамасыз етуде шұғыл шаралар қабылдауы қажет

Ел аумағында коммуналдық қызметтер үшін қарыз сомасы 13,8 млрд теңгеге жеткен. Ең қомақты дебиторлық берешек үш қалада тіркеліпті. Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласында 2 жарым млрд теңге болса, Шымкентте 1,7 млрд теңге сомасында берешек бар.

Кәмшат Мұхамеджан, Ринат Өтеев, Данияр Омар, "Алматы" телеарнасы

Новости партнеров