Петропавлдық кәсіпкерлер жылу бағасының қымбаттағанына наразы

Almaty.tv
Almaty.tv
Бизнес өкілдері кәсіпкерлер палатасына жүгінді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Петропавлдық кәсіпкерлер жылу бағасының қымбаттап кеткеніне наразы. Олардың айтуынша, тариф өзгермеген, бірақ монополист компания оның құнын 2-3 есе көтеріп жіберген. Бұл мәселе 300-ге жуық кәсіпкерді алаңдатып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Петропавл тұрғыны Инна Бочегова – дәрігер. Науқастарды көпқабатты үйдің бірінші қабатында қабылдайды. Кәсіпкер желтоқсандағы коммуналды қызметтің түбіртегінде көрсетілген бағамен келіспейді. Ол тариф өзгермесе де, жылыту маусымы басталғалы еселеп ақша төлеп жатқанын айтып шағымданды.

«Өткен айда 106 мың теңге төледім. Ауданы 61 шаршы метр шағын бөлме үшін көрсетілген ақша тым қымбат. Дәл осындай жағдайға тап болған өзге кәсіпкерлер қаңтар айында көп ақша төлегенін айтты. Мен осы айда 140 мыңдай төлеуім мүмкін», – деді кәсіпкер Инна Бочегова.

Бұл бір ғана жағдай емес, қаладағы 300-ге жуық кәсіпкер бас көтерді. Олар жауапты мамандардың есепті қалай жүргізіп жатқанын түсінбей әлек. Олардың айтуынша, ай сайын келетін түбіртекте кеңсенің ауданы өзгеріп отырады Мәселен, адвокат Елена Игнатенконың жұмыс орны 84 шаршы метрді құрайды. Ал монополист компания оған 198 шаршы метр аумақты көрсетіп, сәйкесінше жылудың бағасын да көтеріп жіберген.

«Мамандығым –заңгер. Бұл әрекеттің заңсыз екенін жақсы түсінемін. Біз нақты тұтынылған энергияның құнын төлеуіміз керек. Тұрғындар да, кәсіпкерлер де бір жылу жүйесіне қосылған», – деді кәсіпкер Елена Игнатенко.

Ал жауапты мекеме басшылығы төленетін ақша мөлшері нысанның сағаттық жүктемесіне байланысты белгіленетінін айтып, ақталды. Оның айтуынша, кәсіпкерлердің жылу төлемі 2019 жылы Ұлттық экономика министрлігі енгізген тәртіпке сай есептелген.

«Есепке алу құралы көпқабатты үйдің жылу энергиясын қанша пайдаланғанын көрсетеді. Ұлттық экономика министрі қол қойған тарифті қалыптастыру ережесі бар. Оның 280-тармағында жылу энергиясын тұтынушы тұрғындар мен кәсіпкерлер арасында қалай бөлуге болатыны нақты көрсетілген. Төленетін ақша мөлшері нысанның сағаттық жүктемесіне байланысты есептелінеді», – деді «Севказэнергосбыт» ЖШС Бас директоры Мағауия Сағындықов.

Бизнес өкілдері шағымын арқалап, кәсіпкерлер палатасына жүгінді. Енді бұл іспен Табиғи монополияларды реттеу комитеті айналысады. Прокуратура да қосымша тергеу жүргізеді. Мәселеге қатысты нақты шешім бір аптадан кейін шығады.

Нұргүл Алина, Жұлдызбек Ермұқанов, «Алматы» телеарнасы, СҚО-нан

Новости партнеров